Қалада көптеген ресторан, мейрамхана бар. Соларды көбіне тәжірибесі бар, қаншама жыл осы саланың қыр-сырын меңгерген егде жастағы тәжірибелі жандар жүргізіп отыр деген ойдамыз. Алайда, үлкен бизнесті де жап-жас жігіттер дөңгелетуде.

Мәселен, көпшілікке танымал «Мята» лоундж барын небәрі 29 жастағы Абай Боранбайұлы тізгіндеп отыр. Абаймен телефон арқылы тілдескенде барлық сауалға жеке-жеке жауап беретіндігін жеткізді. Бұл бар жұмысты басқаға ысыра салатындардың ісіне мүлде ұқсамайды. Абайдың әр іске мұқият қарайтыны, ас-мәзірін де өзі сүзгізеден өткізетінін көрсетеді.
Абай Піржанов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің экономика мамандығы бойынша магистрі. Бұған дейін Қызылорда облыстық сотында бас маман-сот отырысының хатшысы, азаматтық істер бойынша сот алқа төрағасының көмекшісі, банкте сату басқарма­сының бас менеджері қызметтерін атқарған.
– «Мята» лоундж бары Ресейдің франшизасы.Істі өткен жылы бастадық. Бізге әр тұтынушының талғамы маңызды. Көбіне қай тағамдарға тапсырыс береді соған да мән береміз. Ас-мәзіріне өзгеріс енгізуді, ерекше тағам үлгілерін қосуды әдетке айналдырғанбыз. Біздің әлеуметтік желідегі инстаргам парақшамыз күнделікті жаңарып тұрады. Қазіргі таңда кафе, ресторан іздесек инстаграм парақшасы бар ма, жоқ па дейміз ғой. Сондықтан арнайы SMM маманы бар. Ол желіде жеңілдіктер, акциялар, жаңадан көрсетілетін қызметтер түрін хабарлап отырады. Бір өзгешелігі біздің даяшы маман­дарымыз да бұған атсалысып жүр, – дейді Абай.
«Мята» қалада екі жерден ашылған. Қызмет көрсету сапасы жоғары, қалаға келген меймандарды қонақ ретінде күтетін, сұранысқа ие ресторанның біріне айналып үлгерген. Сондай-ақ 30 адамды жұмыспен камтып отыр. «Шеф-аспазымыз арнайы шақыртумен келген, бізге дейін Алматы қаласында белгілі “Rixos” ресторанында шеф-аспаз болып жұмыс істеген. Аспаздар халал өнімдермен жұмыс жасайды, санитарлык нормаларды қатаң ұстанады. Осы уақытқа дейін шағым түскен жоқ. Ас мәзіріне қатысты да сын айтылмады. Келушілердің көңілінен шығу, оларға жағдай жасауға аса мән береміз, – дейді кәсіпкер.
Өзге ресторандарда караоке зал ақылы. Ал «Мята» жақында ақысыз түрде қызмет көрсетуге қолайлы жағдай жасады. Бар-жоғы ерте келіп, орын алсаңыз болғаны. Әрі қарай қалауыңыздағы әнді шырқап, көңіл-көтеру өз еркіңізде.
– «Мята» лоундж барында жанды дауыста ән айтылатын зал бар, онда қонақтардың дәм татып, қала бойынша мықты барменіміздің фирмалық коктейльдеріне тапсырыс беруіне болады. Дизайн минимализмге құрылған, – дейді ол.
Жас кәсіпкердің алдағы уақытта да көптеген жоспары бар. Келіншегі Назерке екеуі белестерді бағындырсақ дейді. Мәселен, тағы бір кафе ашу отбасылық кәсіпті серік еткен жұптың арманы.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!