ҚР Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова вакциналау тым баяу жүрсе, оның салдары қандай болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

COVID-19 індетін таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның Telegram- каналында ҚР Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетованың вакциналау мәселесі туралы сұхбатынан үзінді жарияланды.

«Вакциналауды неғұрлым баяу жүргізсек, вирустың түрленуіне соғұрлым мүмкіндік береміз. Ал вирус неғұрлым жылдам түрленсе, вакцинаның күші жетпейтін немесе әсері әлсіз болатын індет түрі пайда болу мүмкіндігі артады. Үнемі айтып жүргеніміздей, біздің міндетіміз – вирустың түлене түсуіне жол бермеу үшін вакцинацияны барынша жылдам жүргізу», – деген комитет басшысы о баста екпенің тиімділігіне күмәнданушылар көп болғанын еске алды.

«Вакцинация жаңадан басталған кезде екпенің тиімділігіне сенбейтіндер көп болды. Ал бүгін вакциналау басталғаннан бері 8 ай өткенде біздегі статистикалық деректер вакцинацияның тиімді екенін көрсетіп отыр. Вакцинация басталған 1 ақпаннан бері коронавируспен ауырғандардың 96 пайызы екпе алмаған. Яғни, ауру жұқтырғандардың 4 пайызы ғана екпе алғандар. Бұл вакцина тиімді жұмыс істеп жатыр деген сөз. Біздің міндетіміз – вирустың екпеге ырық бермейтін түрі пайда болуына жол бермеу», – деді Айжан Есмағамбетова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!