Алматыда вакцина алғандарға сыйлық береді.

Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева Instagram парақшасында COVID-19 вакцинасының І компонентін алғандар арасында ұтыс ойыны басталғаны туралы жазды.

«Құрметті Жетісу ауданының тұрғындары! Вакцинаның І компонентін салатын адамдардың арасында лотерея ұтыс ойыны тағы да өтетінін қуана хабарлаймыз. Лотереяға қатысу үшін сізге 29 мамырдан бастап 4 маусымға дейін Жетісу ауданында вакцинаның І компонентін алу қажет. Қорытынды 5 маусым, сенбі күні шығады», – деп жазды аудан әкімі Гүлнар Көкебаева.

Вакцина салдырғандар арасында Samsung Galaxy S21 телефоны, сонымен қатар Samsung A32 смартфоны, Samsung Galaxy Buds live құлаққабы, тоңазытқыш, велосипед секілді 5 қосымша сый, бұдан бөлек, 16 ынталандыру сыйлығы бар. Бас жүлде – Samsung Galaxy S21.

Ұтыс ойыны 5 маусым, сағат 12:00-де Гүлнар Көкебаеваның Instagram парақшасында тікелей эфирде өтеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!