АҚШ, Канада, Австралия, Испания, Португалия және Ұлыбританияда маймыл шешегінің расталған бірнеше жағдайы тіркелген. Расталмаған, бірақ ұсқас белгілері байқалған науқастар да бар. Stan.kz ақпарат агенттігінің мәліметінше, жұма күні бұл инфекция анықталған елдердің тізімін Франция, Италия, Швеция және Австралия толықтырды.

Маймыл шешегі Орталық және Батыс Африканың шалғай аудандарында жиі кездеседі. Көбінесе осы аймақтарда болған адамдар ауруды жұқтырып, басқа мемлекеттерге таратады.

Британдық денсаулық сақтау қызметінің хабарлауынша, бұл сирек кездесетін вирустық инфекция. Ауру әдетте салыстырмалы түрде жеңіл өтеді және пациенттердің көпшілігі бірнеше апта ішінде қалпына келеді.

Вирус адамнан адамға оңай берілмейді және жаппай жұқтыру қаупі өте төмен.

Ұлыбританияда аурудың алғашқы жағдайы 7 мамырда тіркелді. Ұлттық денсаулық сақтау агенттігінің хабарлауынша, ер адам жақында Нигерияға барған, онда ол Англияға оралмас бұрын вирус жұқтырған.

Ұлыбританияда қазір 9 жағдай расталды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл инфекциялардың көзі әлі анықталмағанын айтады, бірақ инфекциялар ел ішінде пайда болған көрінеді.

«Жақында АҚШ-тың Массачусетс штатының денсаулық сақтау органдары маймыл індетін жұқтырған жалғыз жағдай туралы хабарлады. Ер адам ауруханаға жатқызылды, жағдайы жақсы және халыққа қауіп төндірмейді», – дейді шенеуніктер.

Еуропада маймыл шешегіне қарсы мақұлданған вакцина болмаса да, Испанияның медициналық билігі індетпен күресу үшін шешек ауруына қарсы вакцинаның мыңдаған дозасын сатып алды. Маймыл шешек шешек вирустарының бір тұқымдасына жатады.