«Қазақстан халқына» қорының құрылуы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысы мен қаржылық жағдайын жеңілдеткен жоқ.

Қордың медициналық көмек сапасын мониторингтеу департаментінің директоры Ләззат Шоманова БАҚ өкілдерінің сауалына осылай жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Қазақстан халқына» қорының құрылуы біздің қаржылық жүктемемізге әсер еткен жоқ. Ол қордың мақсаты басқа. Бізде науқастарға көрсетілетін көмекке жұмсалатын қаржының бәрі жоспарланған. Оның үстіне бізде «Шетелде емдеу шараларын ұйымдастыру жөніндегі жұмыс органы» дейтін арнайы орган бар.

Сол ұйымдастырушы орган арқылы біздің елде көрсетілуі мүмкін емес медицналық көмекті науқастардың шетелде алуына жағдай жасаймыз. Арнайы комиссия бар. Ол комиссияны ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі басқарады. Сол комиссия мақұлдаса, емдеуге жібереміз. Яғни, «Қазақстан халқына» қорына қатысы жоқ осындай көмек түрі бар», – деді ол орталық коммуникациялар қызметінде.

Маманның айтуына қарағанда, қордың сарапшылары шетелге жіберілген науқастың жағдайын жіті бақылауда ұстайды. «Шетелде емделуге жіберген кезде 100 пайыз ақысын аудара салмаймыз. Басында 70 пайызын аударсақ, науқас елге қайтар кезде сарапшылар шетелдік әріптестерінің қорытындысын қарайды. Сол қорытынды бойынша толық ем жүргізілгеніне көз жеткізіп қана шетелдік ұйымға қалған ақшаны аударамыз.

Бұл көмекке сырқатын бізде емдеуге келмейтін, жоғары біліктілікті қажет ететін науқастар жіберіледі. Көбінесе тіндер мен ағазалардың донорын қажет ететін науқастар жіберіледі. Өйткені біздің менталитет марқұмдардың ағзасын донорлыққа беруді әлі дұрыс түсіне бермейді. Радиациялық емдеу деген бар. Ол бойынша Беларусь еліне жібереміз, мысалы. Бұл көмек әсіресе балаларға бағытталғанын айту керек», – деді Ләззат Шоманова. Айта кетейік, 13 сәуірдегі мәлімет бойынша, Қазақстан халқына қорына 126 млрд теңге түскен.