Ақмола облысында биылғы бірінші жартыжылдықта 21 адамның сальмонеллез инфекциясын жұқтырғаны анықталды, оның 15-і он төрт жасқа дейінгі бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде сальмонеллез инфекциясын жұқтыру дерегі жиілеп кеткен.

«2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Ақмола облысында сальмонеллез инфекциясының 21 жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 15 адам. Көкшетау қаласында – 12, Степногор қаласында – 6, Бурабай ауданында 3 жағдай тіркелген. Барлық жағдайлар оқшауланған», – дейді ведомстводан.

Осы ретте, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары тұрғындарға қоғамдық тамақтану мен жеке үй тәжірибесінде сальмонеллездің алдын алу үшін тамақтанар алдында, тамақ пісірер алдында, дәретханаға барғаннан кейін, жануарларға күтім жасағаннан соң, қолды сабынмен уақытылы және мұқият жууға, стерильді ыдысқа буып-түйілмеген, қайнатылмаған сүтті ішпеуге, тауық жұмыртқаларын шикідей жемеуге, қолданар алдында жуу және қайнағаннан кейін кем дегенде 5 минут пісіруге, өнімдерді (шикі және пісірілген, көкөністер мен ет) кесу үшін жеке кесу тақталары мен пышақтарды пайдалануға, сондай-ақ, дайындалған тағамдар келесі күні қалса, қолданар алдында оларды термиялық өңдеуден өткізу сияқты қарпайым санитарлық ережелерді сақтау қажеттігін еске салады.

Айта кетсек, сальмонеллез – адам ағзасына жануарлардан алынатын тамақ өнімдерімен түсетін Salmonella тектес бактериялар туындататын жіті инфекциялық ауру, симптомсыз тасымалдаудан бастап, ауыр септикалық нысандарға дейінгі әртүрлі клиникалық көріністермен сипатталады. Сальмонеллезді жұқтыру жолдары әртүрлі: тамақ, көбінесе жануарлар мен құстардың етін, сондай-ақ жұмыртқаны қолданғанда жиі кездеседі. Микробтар тамақ дайындау жеткіліксіз болған кезде өнімдерге енеді. Жануарлар, көбінесе үй жануарлары (ірі қара, шошқа, мысық, ит), құстар, сальмонеллезбен ауыратын адамдар немесе инфекцияның сау тасымалдаушылары болуы мүмкін. Сонымен бірге, ластанған су арқылы сальмонеллез жұғуы мүмкін.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақмола облысында КВИ-мен ауырғандар саны 1,5 есе артқан еді.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!