Қоғамда денсаулыққа қатысты ақпарат қолжетімді болғанымен, ауру-сырқаудың түрі азайған жоқ. Керісінше, жасарып барады. Бұрын егде жастағы адамдарға тән саналатын дерт енді жастардың өміріне дендеп еніп жатыр. Бір қарағанда технология дамыды, медицина ілгеріледі, өмір сапасы артты. Бірақ ауру неге жасарып барады?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, жасөспірімдер мен жастар арасындағы басты қауіптердің қатарында психикалық денсаулық мәселелері, семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, зиянды әдеттер және қатерлі ісіктің кейбір түрі бар. Әлем бойынша әр жетінші жасөспірім психикалық ауытқудың қандай да бір түрімен өмір сүреді. Депрессия мен мазасыздық – жастар арасындағы ең кең таралған сырқат. Тіпті суицид 15-29 жас аралығындағы адамдар өлімінің негізгі себептерінің бірі.
Бұрынғы жастар ашқұрсақ жүрсе де далада доп қуалап, қимыл-қозғалыспен өсетін. Қазіргі ұрпақтың басты серігі – смартфон. Орташа есеппен алғанда көптеген жас тәулігіне бірнеше сағатын экран алдында өткізеді. Қозғалыстың азаюы семіздікке, зат алмасу бұзылыстарына және ерте жастағы диабетке жол ашуда. Дәрігерлер кейінгі жылдары жастар арасында екінші типті қант диабетінің жиілеп келе жатқанын айтып дабыл қағуда. Бұрын мұндай диагноз көбіне егде адамдарға қойылса, қазір мектеп оқушылары мен студенттердің арасында кездеседі.
Мәселе тек тамақтануда емес. Біз ұйқыны да құрбандыққа шалдық. Себебі түнгі сағат екіге дейін әлеуметтік желі ақтару қалыпты құбылысқа айналды. Ал мұндайда ұйқы тапшылығы иммунитеттің әлсіреуіне, гормондық теңгерімнің бұзылуына, күйзелістің артуына алып келеді. Біле білсеңіз, ұйқысыздық – өлімге әкелетін қауіпті құбылыс. Бірақ жастардың көбі мұны денсаулыққа төнген қатер деп емес, күнделікті өмір салты ретінде қабылдайды.
Тағы бір күрделі мәселе – психикалық денсаулық. Біз қоғам ретінде бұл тақырыптан әлі күнге дейін қашқақтаймыз. Көп жағдайда депрессияға ұшыраған адамға маман көмегін ұсынудың орнына «бәрі жақсы болады», «ойлама», «өзіңді қолға ал» деген кеңеспен шектелеміз. Алайда мамандардың пікірінше, психикалық аурулардың басым бөлігі 18 жасқа дейін басталады.
Келесі жастар денсаулығына қатысты ең алаңдатарлық үрдістің бірі – қатерлі ісік. Ұзақ уақыт бұл дерт қартаюмен бірге келетін ауру ретінде қарастырылды. Алайда кейінгі зерттеуге зер салсақ, жағдайдың нашарлағанын байқаймыз. Әлемнің көптеген елінде 50 жасқа дейінгі адамдар арасында қатерлі ісік ауруының жиілігі артып барады, тіпті әлеуметтік желіден де жастардың жиі сырқаттанғанын көзіміз шалады. Әсіресе тоқ ішек, асқазан, ұйқы безі, сүт безі және бүйрек қатерлі ісіктері, тіпті буын сырқаттарының ерте жаста анықталу жағдайлары көбейген.
Кейбір халықаралық болжамдар бойынша, ерте жастағы қатерлі ісік жағдайлары алдағы жылдары да артуы мүмкін. Ең қауіптісі – жастардың өз денсаулығына тым сенімді болуы. Көпшілік ұзаққа созылған шаршауды, себепсіз салмақ жоғалтуды, іштің ауруын немесе басқа да белгіні уақытша құбылыс деп қабылдайды. Соның салдарынан ауру кеш анықталады. Дәрігерге соңғы сатыда ғана жүгінеді.
Ал жастардың өмір сүру ұзақтығы туралы не айтуға болады? Бір қарағанда адамзат бұрынғыдан ұзақ өмір сүріп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, жаһандық өмір сүру ұзақтығы 2000 жылғы 66,8 жастан 2019 жылы 73,1 жасқа дейін өскен. Бұл медицина мен қоғамдық денсаулық сақтау саласының жетістігін көрсетеді. Алайда мәселенің екінші жағы да бар. Адамдар ұзақ өмір сүргенімен, дені сау күйде өткізетін жылдар саны дәл сондай қарқынмен өспей отыр. Яғни өмір ұзарып жатыр, бірақ аурумен бірге өмір сүру кезеңі де көбейген.
Жастар арасындағы өлім себептері де өзгерді. Бұрын жұқпалы аурулар негізгі қауіп саналса, бүгінде жол-көлік апаты, психикалық денсаулық проблемалары, өзіне қол жұмсау, алкоголь мен есірткіге тәуелділік, зорлық-зомбылық секілді факторлар алдыңғы қатарға шыққан. Әлемде 2021 жылдың өзінде 10 мен 24 жас аралығындағы 1,5 миллионнан астам жас көз жұмған. Яғни тәулігіне шамамен 4500 адамның өмірі қиылды деген сөз. Ең сорақысы, бұл статистика өсіп келеді.
Өкінішке қарай, көптеген жас жылына бір рет болса да медициналық тексеруден өтпейді. Қан қысымын, қант мөлшерін немесе холестерин деңгейін тексеру егде адамдардың шаруасы сияқты көрінеді. Алайда инфаркт пен инсульттің де жасарғаны жасырын емес.
Қоғамдағы тағы бір қайшылық – сыртқы келбетке деген шектен тыс әуестік. Денсаулықтан бұрын сымбатқа мән беретін болдық. Әлеуметтік желідегі мінсіз бейнелерге ұқсауға тырысқан жастар түрлі диетаға, күмәнді қоспаларға және тез нәтижеге жеткізуді уәде ететін тәсілдерге жүгінеді. Бірақ әдемі көріну мен сау болу – бір ұғым емес. Кейде сырттай мінсіз көрінетін адамның ағзасында күрделі мәселе жатуы мүмкін.
Шын мәнінде бүгінгі жастардың басты жауы – уақыт тапшылығы емес, денсаулыққа немқұрайдылық. Ұйқыдан, демалыстан, спорттан,дұрыс тамақтанудан үнемдеп жүрміз. Бірақ бұл үнемнің құны өте қымбат. Денсаулық бір күнде жоғалмайды. Ол жылдар бойы қалыптасқан қате әдеттердің салдарынан әлсірейді.
Қазіргі жастар білімге, мансапқа, табысқа ұмтылады. Бұл дұрыс. Бірақ сол жетістіктердің қызығын көруге денсаулық болмаса, одан не қайыр? Немқұрайдылық танытпайық. Орны толмас өкінішке жол бермейік, құрметті оқырман. Деніміз сау болсын!
Қорлан САРЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
