Жылдар жылжып, адамзат баласы ғылыми технологиялық төңкеріс кезеңінде талай жаңалықты тудырғанына қарамастан, денсаулық сақтау саласы қашан да өзекті. Қазір адамдардың арасында психологиялық жағынан дамудың кешеуілдеуіне қатысты пайда болған сырқаттың сан түрі бар. Соның бірі – аутистік спектрдің бұзылуы. Медициналық тұрғыдан аутизмді ауру түріне жатқыза алмаймыз, тіпті, оның арнайы емі де жоқ. Дегенмен адамның жаратылысы физикалық жағынан бөлек психологиялық дамумен де тікелей байланысты. Сондықтан көз жұмып қарауға болмайтын осы дерттің дендемеуі үшін қанша үлес қосылып, қандай әрекет жасалса да артық емес. «Розалия мен Эмир» жеке қорының бастамасымен Қызылорда қаласында 18 жасқа дейінгі ментальді, сөйлеу қабілеті бұзылған және аутистік спектрде кінәраттары бар балаларға арналған «Балаларды дамыту орталығының» ашылуы – соның дәлелі.

Аталған қор 2019 жылы «Әрекет» жобасы аясында өз жұмысын бастаған. Ал осы жылы материалдық-техникалық базасын жаңарту және негізгі құралдармен жабдықтау бойынша ғимарат көлемі кеңейтіліп, аталған мекемеде «Қараңғы сенсорлық бөлме» және «Күрделі ырғақ логосы» сынды инновациялық жабдықтары бар екі кабинет ашылды. Онда емдеу шаралары педагогикалық түзету логопед-дефектолог пен психолог-педагог мамандарының диагноз қоюынан кейін жүргізіледі. Айта кету керек, мұнда штатта 14 адам жұмыс істейді: оның ішінде психологтар, дефектологтар, логопедтер, АФК нұсқаушылары және әкімшілік қызметкерлер бар. «Қазір біз халықаралық донорлық жүйе «Еуразия Қорының» арқасында тағы бір грантты жүзеге асыруға кірісіп жатырмыз. Ол Еуразия Қорының қолдауымен АҚШ Халықаралық Даму Агенттігі (USAID) қаржыландыратын «Институционалдық даму бағдарламасы» аясында жүзеге асырылуда. Ал жаңадан ашылған орталық аймаққа үш инновацияны енгізді: халықаралық Tomatis әдісі, Logo Rhythm Room және Dark Sensory Room. Соңғы екі жаңалықты біз Samruk-Kazyna Trust арқасында жүзеге асыра алдық», – дейді «Розалия және Эмир» Жеке қорының басшысы, аутизм мен сөйлеуді түзету орталығының директоры Розалия Рахимова.
Аталған орталық күніне 60-тан астам баланы қабылдай алады. Жоба бастапқыда халықтың әлеуметтік осал топтарындағы әрбір 10-шы балаға мүмкіндік сыйласа, бүгінде әрбір 7-ші балаға арнайы құжаттарын беріп, мәртебесін растаған соң тегін медициналық білім мен түзету жұмыстарын жүргізе алады. Дәл қазір орталықта осындай 8 бала бар. Оның 5-еуі әлеуметтік жағынан осал топтағы бала болса, 3-еуі Қызылорда облысындағы №2 балаларды оңалту орталығынан келіп, халықаралық Tomatis әдісімен қамтамасыз ету және бір жылға тегін түзету жұмыстарын жүргізу туралы жасалған меморандумға сәйкес түзету қызметтерін қабылдауда.
Бұл идея қалай келді? Бір отбасы, бір ауданды емес, түгелдей аймақты қамтып отырған жобаға бір ғана оқиға түрткі болған. Розалия Рахимова – бірнеше жыл бұрын «аутизм» диагнозы қойылып, шарасыздықтан бүгінгі орталықтың ашылуына себепкер болған «ерекше» сәби Эмирдің анасы. Баласы науқас кез келген ана жүрегі секілді ол да ең жақсы мамандарды, ең жақсы оңалту жүйесін іздеді. Осы мақсатпен бүкіл Қазақстанды, тіпті, Ресейдің кейбір орталықтарын аралап шықққан соң өз өміріне түбегейлі өзгеріс сыйлаған жаңа шешімге келді.
– Мен ешқашан әлеуметтік саланы дамытамын деп ойламаппын. Барлығы өмірімізді күрт өзгерткен отбасылық жағдайдан басталды. 2017 жылы менің ұлыма «аутистикалық ерекшеліктері бар психо-сөйлеу дамуының кешігуі» диагнозы қойылды. Бұл маған мақсатқа қол жеткізудегі қозғаушы күш еді. 2019 жылы қолымдағы соңғы ақшамен бір орталық аштым. Сол кезде баламды емдеуге бағыт-бағдар, нақты жоспарлы жүйені ұсынатын орталық таппаған мен бүгінгі таңда мыңдаған баланың коррекциялық жұмыстар жүргізуіне, тегін емделуіне жағдай жасайтын күнге жеттім. Әрине, мұнда қордың, қаржылай қолдаушылардың еңбегі бар. Әлі де алда ұлғайтылатын жобалар бар. Бала мен анаға қуаныш сыйлап жүргеніміз үшін шынымен де бақыттымын, – дейді ол.

Дина БӨКЕБАЙ