Қызылорда облысында балалар денсаулығын қорғау және оларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде өңірде ана мен бала денсаулығын сақтау көрсеткіштері жақсарып, медициналық қызметтердің қолжетімділігі артып отыр. Жыл басындағы бес айда 6 мыңға жуық баланың аман-есен өмірге келуі де – сөзіміздің айғағы.
Мұны Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, бүгінде облыс бойынша 18 жасқа дейінгі 322 597 балаға медициналық қызмет көрсетіледі. Балалардың сапалы әрі уақытылы медициналық көмек алуына барлық жағдай жасалған. Осы мақсатта өңірде 29 стационарлық мекеме, 24 амбулаториялық-емханалық ұйым, 101 дәрігерлік амбулатория, 29 фельдшерлік-акушерлік пункт және 93 медициналық пункт халыққа қызмет көрсетуде.
Балалар денсаулығын қорғау саласындағы оң көрсеткіштердің бірі – өңірдегі демографиялық өсімнің тұрақтылығы. Осы жылдың алғашқы бес айында облыста 5 832 нәресте дүниеге келген. Бұл көрсеткіш аймақта ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігін де аңғартады.
Бүгінде балаларға көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында бірқатар маңызды жоба қолға алынған. Атап айтқанда, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жетекші мамандарымен бірлескен тәжірибелік жұмыстар жүргізіліп, күрделі диагнозы бар балаларды емдеу мен оңалту қызметтері жетілдірілуде. Сонымен қатар медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту және мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде.
Өңірде ерекше күтімді қажет ететін балаларға қолдау көрсету бағытында ерте араласу орталықтары мен ерте дамыту кабинеттері жұмыс істейді. Бұл қызметтер балалардың дамуындағы ауытқуларды ерте кезеңде анықтап, дер кезінде түзету жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде мыңдаған бала қажетті медициналық және психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылып отыр.
Балалар денсаулығын қорғауда халықаралық тәжірибені енгізу де маңызды бағыттардың бірі саналады. Осыған сәйкес облыста Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары негізінде «Балаға мейірімді аурухана» қағидаттары кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл бастама медициналық ұйымдарда балаға қолайлы орта қалыптастыруға, ана мен баланың денсаулығын нығайтуға және көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған.
– Балалардың денсаулығын сақтау – қоғамның болашағына салынған инвестиция. Сондықтан өңірде ерте дамыту және ерте араласу қызметтерін жетілдіру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Осы мақсатта Балалар құқығын қорғау комитетімен бірлесіп, Португалияның жетекші мамандарының қатысуымен облыстың 40 маманына арналған арнайы оқыту тренингі ұйымдастырылды. Мұндай тәжірибе алмасу шаралары сала қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеріп, халықаралық стандарттарды өңірде тиімді енгізуге мүмкіндік береді, – деді Мая Мирзанова.
Брифинг барысында балалар денсаулығын нығайту, аурулардың алдын алу, профилактикалық тексерулердің сапасын жақсарту және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатыны айтылды. Бұл ретте заманауи медициналық технологияларды енгізу, білікті кадрлар даярлау және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жетілдіру басты назарда болмақ.
Жалпы өңірде балалар денсаулығын қорғау саласында атқарылып жатқан кешенді жұмыстар жас ұрпақтың дені сау болып өсуіне, олардың толыққанды дамуына және сапалы медициналық қызмет алуына берік негіз қалыптастырып отыр.
А.МАРАТҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!