Тамызда коронавирус инфекциясын жұқтыру деңгейі өршитіні туралы болжам бар. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, сырқаттанушылар саны тәулігіне 4 мыңға дейін өсуі мүмкін. Дегенмен, қыркүйекте сырқат бәсеңдейді деген ақпар кездеседі. Осы болжамдарға сай қазір еліміздің бірнеше қаласында карантиндік талаптар қайта күшейді. Коронавирустың жаңа толқыны тұрғындарға қалай әсер етуі мүмкін? Вирустың қауіптілігі қандай? Халық арасында таралған вирус мутацияланған ба? Мәселенің мән-жайын білу үшін мамандардың пікіріне жүгіндік.

Вирус таралғалы вакцинаға деген сұраныс жоғарылады. Әйтсе де қоғам коронавирустан  толықтай айыға алмай келеді. Қазір елімізде екпенің 3 түрі (QazVac, Sinopharm, Pfizer) ұсынылып отыр. Оның 1 млн 350 мыңнан астам дозасы бар. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаяттың айтуынша, жыл соңына дейін тағы 500 мыңдай QazVac және балалар мен жүкті әйелдерге Pfizer-дің 300 мың дозасын алу көзделуде.

«Астана медицина университеті» КеАҚ Ш.И.Сарбасова атындағы микробиология және вирусология кафедрасының оқытушысы Аяз Әбдірахымұлының айтуынша, қазір тұрғындар омикрон штамымен күресуде.

− Коронавирустың жаңа толқыны болады деп нақты сеніммен айту қиын. Халық арасында ковидке қарсы жаппай екпе жұмыстарын жүргізу арқылы біз жаңа толқынның алдын алдық, сол үшін мемлекеттік деңгейде жұмыстар атқарылды. Дегенмен, вирус – тірі ағза, ағзалық әлемнің бір бөлшегі. Ол өзінің жоспарын бізбен бөліспейді. Кімге және қай уақытта шабуылдайтынын біз білмейміз, тек болжай аламыз. Вирустың қауіптілігіне қазіргі деңгейде баға беретін болсақ, алдымен нақты қай штамның үстем болып тұрғанын анықтау керек.

Естеріңізде болса, 2021 жылдың күзінде болған пандемияның соңғы толқыны «омикрон» штамның таралуымен ерекшеленген еді. Омикрон − SARS-CoV-2 вирусының жаңа штамы. Халықты үрейлендірген аурудың жоғары деңгейде қайта таралуы да аталған штаммен байланысты. Денсаулық сақтау министрі келтірген мәліметтерге сәйкес елімізде ең соңғы болып «омикрон» штамы сақталған. Оның ішінде «Омикрон ВА.5» штамасты (подштамм) екені де тілге тиек етілген. Омикронның дельта-штаммен салыстырғанда екі түрлі ерекшелігі бар: ауру дельта-штамға қарағанда жеңілірек өтеді, бірақ таралуы өте жоғары және бұрын ауырғандар мен вакцина алғандар да жұқтыруы мүмкін. Әрине, халық арасында таралған вирус мутацияланған. Коронавирустардың сыртқы пішіні тәжге ұқсас екенін айттық. Міне, омикрон штамының сол тәждері – ғылыми тілмен айтсақ вирустың суперкапсидін құрап тұрған липопротеиндік қабықшалардан шығатын өсінді тәріздес айқын құрылымдар, яғни омикронның пепломерасы ақуыздардан (S белоктан) тұрады. Ғалымдар осы ақуыздарды кодтайтын гендердің 30-дан астам жаңа мутациясын анықтады, − дейді маман.

Қазіргі қоғамда карантин тақырыбында таралған ақпарат көп. Соның бір парасы әлеуметтік желіде «қыркүйек айынан бастап жол тасымалы тоқтайды», «жаппай карантин басталады» деген сынды мәтінмен тарауда. Осы орайда көптің көкейінде «өткен жылғы карантиндік күшейтулер биыл да қайталануы мүмкін бе?» деген сауал тұрады. Халықтың денсаулық жағдайын қаперге алуы орынды, алайда жалған ақпаратты таратушылар мен негізсіз мәтінге сенушілердің қарасы әлі де көп. 

− Кімде-кім қанша жерден маман болса да, алдағы күнді тұспалдай алмайды. Жоғарыда атап өткенімдей, бұл вирустың жоспарын тек болжай аламыз. Бұл бір кісілердің екеу ара шай ішіп отырып болжауы емес, ғылыми институт­тарда, жоғары оқу орындарын­дағы, маман­данды­рылған орталықтар­дағы ғылыми қызметкер­лер мен мамандар­дың жұмысы. Олардың ең негізгісі – эпидемиоло­гия­лық талдау. Еліміздің бас санитар дәрігері, министр тұрып елдегі жағдайға эпидемио­логиялық болжам айтқан кезде халық арасында «осылар-ақ қайдан біледі», «болжағыш екен» деп айтып жататынын құлақ естіп жүр. Елдің алдына шығып бір ауыз тұжырым айту оңай емес. Мұның артында қаншама зерттеулер, эпидемиологиялық формулалар мен есептеулер жатыр. Әлеуметтік желіде таралған хаттардың тағдыры 2-3 күнге ғана созылып жатыр, байқасаңыз, сол ақпараттардың жалған екені расталуда.

Ғылыми тілді қабылдай алатын, түсіне алатын білімді азаматтар болса ғаламторды ашып кез-келген сұрағына жауап таба алады. Ең маңыздысы оқыған мәліметтерді дұрыстап талдай білу керек. Оқыған ақпараттан «Мұнда не туралы жазылған?», «Кім жазған?», «Қандай дәлелдер келтірілген?», «Мен осы ақпаратты тарату арқылы біреуге зияным тимей ме немесе қандай да бір пайда келтіре аламын ба?» деген сауал­дарға жауап ізде­ген дұрыс, − дейді жалпы практика дәрігері.

Бүгін­де Covid-19-ға қатысты жаңа ақпарат­тар мерзімді түрде арнайы сайттарда жария­лануда. Бірақ әлеу­меттік желілерде сан түрлі пікір бар.  Осы орайда арнайы зерттеу­лерге сүйене отырып жазылған медицина­лық деректермен де бөлісуді жөн көрдік.  Covid-19-бен ауырудың нәтижесінде күрделі зардаптардың болу ықтималдығы вакцина алғаннан кейінгіге қарағанда әлдеқайда жоғарылаған. Сондай-ақ екпе салдырғаннан кейін (екпенің әсерінен) Covid-19-бен ауырып қалу ықтималдығы 0-ге тең. Covid-19 вакциналары ауру тудыруы мүмкін емес, себебі вакцинаның құрамында тірі вирус жоқ. Алкоголь ішу, метил немесе этил спирттерін қабылдау, ағартқыштар мен дезинфекциялау құралдарын пайдалану қауіпті және  аталған заттар  Covid-19 алдын алуға көмектеспейді. Сарымсақ, ащы қызыл бұрыш жеу, мұрынды үнемі тұзды ерітіндімен шаю да Covid-19-дың емі саналмайды.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!