Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) директоры Тедрос Адан Гебрейесус дельта нұсқасынан да қауіпті штамының пайда болу қаупі туралы ескертті, – деп жазды ҚазАқпарат.

ТАСС агенттігінің мәліметінше, ДДСҰ басшысы бұл туралы Токиода Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) 138-сессиясында сөйлеген сөзінде айтты.

«Вирус кеңінен таралған сайын, оның дельта нұсқасына қарағанда қауіптірек нұсқасы пайда болуы мүмкін. Мұндай нұсқалары көбейген сайын, олардың біреуі болмаса біреуіне вакцинамыз қарсы тұра алмай қалуы ықтимал. Соның салдарынан біз әу бастағы жағдайға түсіп, қайта басынан бастауға тура келеді», – деді ол.

ДДСҰ директоры «Пандемия қашан аяқталады?» деген сұрақтың жиі қойылатынын айтты.

«Шынында да, ковид пен пандемия бізді көптеген мәселемен бетпе-бет әкелді… Пандемия – бұл сынақ және әлем оны жеңе алмай жатыр», – деді ол.

Гебрейесус әлемнің пандемияны тоқтата алмай отырғанының өзіндік себебі бар деді.

«Барлық қажетті құралдар бар» болғанымен, «нақты саяси міндеттемелердің жоқтығынан» осындай жағдай орын алып отырғанын алға тартты.

«Елдердің үкіметтері, әсіресе G20, ұжымдық ерік-жігер танытып, адам өмірін сақтап қалу үшін барлық шараны қолдануы керек. Олар вакцинамен бөлісіп, вирусты алдын алуға стимул берсе, пандемияны бірнеше айда бақылауға ала алады», – деп қосты ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!