Қарағандыда бірқатар жұмыс орнының басшылығы қызметкерлерге «екпе алмағандар жұмыс орындарын босатады» деген талап қойған. Жұмысынан айырылып қаламыз деп үрейленген халық, бүгін таңнан бастап қалалық емханаларға ағылып жатыр. Екпе алуға келгендердің көптігі сонша, «қызыл аймаққа» кірген қаладағы медициналық мекемелер адамға лық толы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеп хабарлайды. 

Емханаға ағылғандардың көбі екпе салдырмаса, үш күн сайын 9000 теңгеден ПТР сынамасын тапсыруға міндеттелгендерін айтады. Сынаманы жиі тапсыра алмайтындары амалы жоқтығынан вакцина алуға келген. Қатаң талаптан кейін Қарағандыда екпе алушылардың саны күрт өскен. Тіпті емханаларда сағаттап кезек күтуге мәжбүр. Бірақ тұрғындар екпе салу орындарында карантин талаптарының сақталмайтындығын, сондай-ақ вакцина компоненттерінің түгел еместігін айтады. Ал Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қосымша егу пунктерін ашатындарын жеткізді. 

«Қазіргі кезде вакцина алатындардың саны артып отыр. Сондықтан қосымша егу пунктерін ашуды қарастырып жатырмыз. Ертеңнен бастап қосымша кабинеттерде қабылдаймыз. Облысымызда екпе тапшылығы байқалмайды», – деді Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Төлегенова.