Адамдардың көпшілігі вакцинаны ешқандай ерекше белгісіз өткізеді. Ал, кей адамдарда инъекция орнында аздап ауырсыну, қызару немесе ісіну, әлсіздік болуы мүмкін. Сонымен қатар, бұлшықеттерде аздап ыңғайсыздық болуы ықтимал. Кейде дененің қызуы көтерілуі, аздап қалтырау, жүрек айну және лимфа түйіндерінің шамалы ұлғаюы мүмкін. Мұның бәрі иммунитетті қалыптастырудағы қалыпты реакциялар. Қазіргі уақытта вакцинацияланған адам басқаларға қауіп төндірмейді.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында №3 қалалық емхананың эпидемиолог-дәрігері Гүлнұр Ильясова мәлімдеді.

«Дегенмен, дене қызуын 38 градусқа дейін жоғарылатпау ұсынылады. Егер ол одан жоғары көтерілсе, әдетте суық тигенде қолданатын ыстық түсіретін дәріні қабылдауға болады. Ең жақсысы – парацетамол. Сирек жағдайларда дене қызуының көтерілуі екі-үш күнге созылуы мүмкін. Вакцинаның екінші компонентін салдырмаса, адамда иммунитет қалыптаспайды. Өйткені екеуінің құрамы екі түрлі. Сондықтан бір-бірінсіз адамның бойында иммунитет болмайды. Екінші компонентін міндетті түрде салдыру керек», – деді эпидемиолог-дәрігер.

Сондай-ақ, екпені ағзаға енгізгеннен кейін, қауіпті аллергиялық реакция мүмкіндігін болдырмау үшін дәрігерлердің бақылауында біраз уақыт өткізу керек. Алайда осыдан кейін де күн соңына дейін көлік жүргізбеген абзал. Дәрігерлер мүмкіндігінше инъекциядан кейін бірнеше күн ішімдік ішуден бас тартуға кеңес береді. Өйткені қандағы алкоголь кез-келген аурудан иммунитеттің қалыптасуына жол бермейді.

Соңғы уақытта өңірдегі вирус деңгейінің күрделеніп, үнділік Дельта штамм белгілерінің таралуы сақтық шараларын қатаң сақтауды талап етеді.

Айта кету керек, шілде айының 13-ші жұлдызынан бастап емханаларда екпе егу кабинетінің жұмысы дүйсенбі мен жұма аралығында 8.00 – 22.00 дейін, ал демалыс күндері 9.00 – 18.00 аралығында жұмыс істейді.