11 жастан асқан қыздар тағы да вакцина алады. Еліміз америкалық «Гардасил-9» екпесін сатып алды. Бұл арқылы қатерлі ісік, яғни мойын обыры секілді онкологиялық аурудан қорғанбақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алғашқы 160 мыңға жуық доза Қазақстанға биыл маусымда әкелінген. Оның 90 мыңнан астам мөлшері өңірлік ауруханаларға жеткізілсе, қалған бөлігі тамыз айында тасымалданбақ. Екпенің екінші партиясы да көпке ұзамайды. Қазан, қараша айларында жергілікті ауруханалар сөресін тағы толықтырады. Шамамен 94 мың доза.
Адам папилломасы вирусына қарсы екпе салу елімізде осыдан екі жыл бұрын басталған. Бұл ем-дом шаралары ерікті түрде немесе қыз балалардың ата-анасының рұқсатымен жасалады.
“Бұл вакцинаның, төрт валенттік вакцинасынан айырмашылығы, «Гардасил 4» вакцинасы құрамындағы төрт стереотипке қоса, қосымша бес онкогендік вирустарға қарсы қорғаныш қасиеті бар. Бұл вакцина ұлттық егу күнтізбесіне ешқандай да өзгеріссіз енгізіледі. Егер қыздар бұрынғы курсын «Гардасил-4» вакцинасымен бастаса, әрі қарай тоғыз валенттік вакцинамен жалғастыруға болады”, – деді қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, иммунопрофилактика орталығының басшысы Нұршай Әзімбаева.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
