Балнұр КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ, невропотолог:

− Соңғы уақытта инсульт жасарып кетті деген ақпаратты жиі естиміз. Бұл қаншалықты рас? Қауіпті ауру түрі жас талғай ма? Жастар арасында бұл ауру қаншалықты жиі кездеседі?

− Дүниежүзілік инсульт қоғамының ақпараты бойынша жер бетіндегі әрбір алтыншы адам инсультпен ауырады. Статистика бойынша инсульттің ерлерде де, әйелдерде де кездесу жиілігі жоғары. Бірақ ер адамдарда әйелдермен салыстырғанда ауру ауыр өтеді. Сонымен қатар қазір 30-50 жас аралығында ауырудың  жиілігі жоғары  болып тұр. Артериялық қан қысымының жоғарылауы, жүректің ишемиялық аурулары, қандағы холестериннің жоғары көрсеткіші аурудың пайда болуына әсер етеді. Ал мұндай белгілердің пайда болуына дұрыс тамақтанбау, шылым шегу, семіздік, жалпы қозғалыс белсенділігінің аздығы ықпал етеді. Жастарда инсульттің пайда болуына қан  тамырларының аневризмасы себеп болады. Сондықтан  бұл ауру түрі жас талғамайды.

− Аурудың алғашқы белгілері қандай? Аурудың түрлері және пайда болу себептері жайлы толық түсіндіріп берсеңіз…

− Инсульттің негізгі үш түрі бар: ишемиялық инсул ьт және геморрагиялық инсульт (қан құйылу), оның екі типі бар – миішілік және субарахноидалды. Қан құйылу тамырлардың жарылу салдарынан болады. Оған қан қысымының жоғарылауы әсер етеді. Жоғарыда аурудың негізгі себептерін атап өттім, алайда келесі қауіп-қатер факторларына ерекше тоқталғым келеді:

− Темекі шегу. Никотин салдарынан тамырлардың түйілуі пайда болады, оларда ишемиялық аурудың негізгі себепкері саналатын атеросклеротикалық түйіндер болады. Темекі шегуден бас тарту инсульттің пайда болуын екі есе төмендетуге мүмкіндік береді. 

− Жүрек қағысының бұзылуы жүрек бөлімдерінде қанның тоқтап қалуы тамырлардың бітелуіне қатысатын қанның ұюына әкеледі.

− Артериялық гипертензия тамырлардың жарылу мүмкіндігін арттырады.

− Қант диабеті липидтік алмасудың бұзылуымен (холестерин түйіндерінің пайда болуы) және артериялық қысымның көтерілуімен көрінеді. Сонымен қатар қатер факторына артық салмақты, ішімдік ішуді, жүрек ауруы мен жас мөлшерін де жатқызуға болады. Осы факторлардың болуы ми қанайналымын бұзады. Сондықтан әрбір адамның өз ағзасындағы жағдайды бақылап отыруы өте маңызды. Ол өмірге қауіп төндіретін патологиядан алыстауға мүмкіндік береді. 

Аяқ-қолдардағы әлсіздік, ұю, сөйлеу бұзылысы немесе тілдің күрмелуі, бастың қатты ауыруы, тепе-теңдік бұзылысы, жүрек айну, құсу инсульттің алғашқы белгілері саналады. Науқас осы белгілерді байқаса, дереу жедел-жәрдем шақыртқаны абзал.  

− Қазіргі медицина аталған ауру түрлерін толық емдеуге қауқарлы ма? Науқастарға негізінен қандай ем түрлері ұсынылады?

− Қазіргі медицина саласы инсультті емдеуге толық қауқарлы деп айта аламын.  Инсульттің емі 2 бағытта жүргізіледі: инсульт салдарын емдеу және инсульт қайталануының алдын алу. Инсульт белгілері басталғаннан кейін 4 сағат ішінде тромболизистік терапия жүргізіледі. Ол қан тамырларындағы тромбты ерітіп, қан тамырларындағы қанның жүруін қалпына келтіруге  ықпал етеді. Оған қоса нейропротекторлы, гипотензивті терапия, ісінуге қарсы және реабилитациялық ем тағайындалады. Инсульттан кейін 2 жыл ерте және кеш реабилитациялық ем жүргізіледі (массаж, ЛФК, логопед, кинезиотерапия).

− Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!