«Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесі төрағасы ауысты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қор сайтына сілтеме жасап.

«Қордың Қамқоршылық кеңесі төрағасы Пя Юрий Владимирович Қамқоршылық кеңестің жұмыс көлемінің жоғары болуына байланысты төрағаның өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініш білдірді.

Ол University Medical Center  корпоративтік қорын басқарады. Юрий Владимирович – Қазақстан Еңбек Ері, ең күрделі, жоғары технологиялық кардиохирургиялық операцияларға жетекшілік етіп, жүргізіп жүрген танымал кардиохирург. Бұл қызмет күн сайынғы тынымсыз еңбекті және жоғары талаптарға сай тәжірибені талап етеді. Юрий Владимирович көп уақытын білікті мамандарды даярлау мақсатына бағыттайды» – делінген хабарламада.

Қор мәліметінше, Юрий Владимирович Қамқоршылық кеңес құрамында қала отырып, стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруда қолдау көрсетуді жалғастырады.

Қордың Қамқоршылық кеңесі төрағасы болып қоғам қайраткері, «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Қайырбек Шошанұлы Сүлейменов сайланды.

Қамқоршылық кеңес төрағасының орынбасары болып дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі Аманжолова Зәуреш Жұманәліқызы сайланды.

Еске салайық, қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік саладағы, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларындағы мәселелерді шешу үшін «Қазақстан халқына» қорын құруды тапсырған болатын.