Фото: ашық дереккөзден

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті ауру, оның алдын алудағы тиімді шаралардың бірі – кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары. Жыл сайын жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, барлық қолайсыз елді мекендерде кенеге қарсы өңдеу шаралары екі кезеңмен жүзеге асырылады. Биыл 115 елді мекен қолайсыз деп танылды, Аралда – 11, Қазалыда – 16, Қармақшыда – 16, Жалағаш пен Сырдарияда – 11, Жаңақорғанда – 18, Шиеліде – 20, Қызылорда қаласында – 12 елді мекен. Көктемгі кенеге қарсы өңдеу жұмыстары ағымдағы жылдың  сәуірінен басталады деп жоспарлануда. Алғашқы болып оңтүстік аймақтар – Шиелі, Жаңақорған аудандарында жүргізіледі.

Осы шаралардың тиімділігін арттыру үшін тұрғындар назарына қора-аула тазалықтарын қатаң сақтауды және қолайсыз елді мекендерде жүргізілетін өңдеу жұмыстары барысында мал бастары мен қора, аулалардың толық дәріленуіне үй иелері тарапынан қатаң бақылау қажеттігін еске саламыз.

Бұдан бөлек, наурыз айынан бастап зоопаразитологиялық топпен кене жинау, зерттеу жұмыстары жүрізілуде. Бүгінге дейін 1869 кене жиналып, зерттеумен қамтылды, оң нәтижелер анықталған жоқ.

Кененің белсенділігі көктем келісімен басталады. Сондықтан тұрғындар арасында, әсіресе, далалық аймақта жұмыс жасайтын, мал шаруашылығы, егін шаруашылығымен айналысатын адамдар үшін қауіп арта түседі. Ағымдағы 2024 жыл басынан бері 3 адам кене шағу жағдайларымен медициналық көмекке жүгінген.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыс тұрғындарын мал шаруашылығымен, ауыл шаруашылығымен айналысқанда арнайы жұмыс киімдерімен, қолғаптармен жұмыс жасауды, табиғат аясына демалысқа шыққанда кенелерден қорғайтын арнайы репеллентерді пайдалануға, ақ түсті киім киіп, кенелердің болмауына жиі тексеріп тұруды, сақтық шараларын жауапкершілікпен орындауды сұрайды. Сондай-ақ ауру белгілері анықталған бойда жедел медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді. Себебі дер кезінде ем-шара қабылдаған кезде аса қауіпті аурудан толық сауығып шығуға болатындығын еске саламыз.

Әлия Әбдіқайымова

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!