Қазақстандықтар медициналық бетперде киюге қайта міндеттелуі мүмкін. Егер коронавирус жұқтыру көрсеткіші қайта өршісе, ведомствоаралық комиссия шұғыл шараларға көшеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап. 

Өйткені, тек өткен тәулікте 137 адамнан Covid-19 анықталған. Бір күн бұрын 110 еді.

Соңғы рет күніне жүз шақты адамның ауырғаны наурыз айында тіркелген екен. Енді міне вирус қайта күш алып, Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары «сары аймаққа» өткелі тұр. Бұл қалалардағы ауру көрсеткіші өзге өңірлермен салыстырғанда едәуір көп.

Дәрігерлер мұны еңбек демалысының басталғанымен, көп қазақстандықтардың шетелге барып-келгенімен байланыстырады. Бір жағынан, маусым айының басында ПТР тестілеудің теріс нәтижесі бар анықтаманы немесе вакциналау құжатын сұрау талабы алынып тасталғаны да жағдайды өзгертіпті. Әзірге қатаң карантиндік шаралар сөз болып отырған жоқ. Алайда, эпидемиологиялық ахуал коронавирус бойынша ведомствоаралық комиссияның қатаң бақылауында.

“Басында 30 болды, сосын 70-ке, қазір 100-ге жетті. Өсу қарқыны жоғары. Сондықтан күн тәртібіне енгізілді. Ведомствоаралық комиссияның отырысына карантиндік шараларды күшейту мәселелерін ұсынамыз. Тек бетперде емес, жалпы шараларды қарастырамыз”, – дейді ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов.