Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Сыр төрінде салтанатты шара өткізіліп, аймақтың бірқатар дәрігері құрмет төрінен көрінді.

Мерейлі мерекеге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, абзал жандарды иелерін мерекемен құттықтады.

Дәрігер мамандығын таңдауға үлкен жүрек керек. Сонан соң сүйіспеншілігің мен өзіңе деген сенімің болуы қажет. Өйткені, өлім мен өмір арасындағы жанталастың жауабын нағыз дәрігер ғана дөп басады. Адам денсаулығын сақтау мен нығайту, сырқатты емдеу мен аурудың алдын алу жауапкершілігін кездейсоқ кісі атқара алмайды.

«Екі жыл бойына әлемді әурелеген коронавирус кезінде ақ халатты абзал жандар ерен ерлікке пара-пар еңбек етті. Олар отбасынан жырақ жүріп, басын қатерге тігіп, қауіпті індетпен қаймықпай күресті. Осы ретте, батылдық танытқан барша медицина саласының мамандарына Сыр жұртшылығы атынан зор ризашылығымды білдіремін», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Аймақ медицинасының дамуына сүбелі үлес қосып, салада табысты еңбек еткен бірқатар дәрігерлер мен сала ардагерлері түрлі марапатқа ие болды. Атап айтқанда 70-тен астам дәрігерге түрлі дәрежедегі наградалар табысталды. Оның ішінде 11 азамат «Еңбек ардагері» медалімен, 19 азамат «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен, 22 азамат «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін тақты.

Мұнан бөлек, «Алтын дәрігер» төсбелгісімен №1 қалалық емханасының дәрігер-педиатры, медицина саласының ардагері Бибізат Бермаханова марапатталды.

Облыс әкімі медицина қызметкерлерінің дәстүрлі спартакиадасының жеңімпазы атанған «Облыстық психикалық денсаулық орталығына» 200 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Сондай-ақ, «Медицина үздіктеріне» 500 мың теңгелік сертификат берілді.

Мерекелік іс-шарада дәрігерлер әріптестеріне деген жүрекжарды тілегін әнмен жеткізді. Ал, белгілі әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіқалықова медицина қызметкерлерін төл мерекемен құттықтап, Сыр төрін әнге бөледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!