Фото: Алина Тулеубаева / Kazinform

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде 66 медициналық пункт жұмыс істеп жатыр, – деп хабарлады KAZINFORM.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиеваның айтуынша, су басқан өңірлерде бүгінде дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар қоры жеткілікті.

«Төтенше жағдай режимі жарияланған барлық өңірде 309 жүкті әйел бақылауда тұр және 253 әйел босанды. Ең көп бала Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында дүниеге келген. Эвакуациялық пункттерде 5 300-ге жуық бала бар, оның ішінде 71 бала стационарлық көмек алады, 87 бала амбулаториялық ем алуда», – деді спикер Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингіде.

Сондай-ақ пункттерде медициналық және медициналық-психологиялық көмек көрсету үшін 1 116-дан астам медицина қызметкері, оның ішінде 278 дәрігер, 838 мейіргер, 79 психолог тартылған.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мақсатыңда су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде халық пайдаланатын ауыз су сапасына тұрақты мониторинг жүргізіледі. 

«Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Батыс Қазақстан облысына сапар барысында «Батыс Су Арнасы» компаниясының суды тазартудың технологиялық схемасымен және ауыз судың сапасын бақылау зертханасының жұмысымен танысты. Сондай-ақ Ұлттық сараптама орталығының Батыс Қазақстан облыстық филиалының ауыз су мен тамақ өнімдерінің сапасын бақылауда шешуші рөл атқаратын зертханаларының жұмысын бағалады. Мұнда ауыз су қауіпсіздігі мақсатында су үлгілері бойынша зерттеулер күн сайын жүргізіледі», – дейді Ә. Оразалиева. 

Солардың нәтижелері бойынша бүгінгі күні инфекциялық аурулардың су арқылы таралу қаупі төмен. Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері Денсаулық сақтау министрлігінің күнделікті бақылауында тұр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!