Фото: ЖИ
Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы Алғабас ауылында прокуратура қайтарған активтер есебінен орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылып, 200-ден астам абонент сапалы ауыз сумен қамтылды. Жоба халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар бастамалардың бірі болды, – деп хабарлайды KAZINFORM. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы прокуратурасы мәлім етті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес прокуратура қайтарған қаражат халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға жұмсалып отыр.
— Батыс Қазақстан облысында осындай жобалардың бірі — Теректі ауданының Алғабас ауылын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету. Көптеген жылдар бойы елді мекенде орталықтандырылған ауыз су жүйесі болмаған. Тұрғындар жыл мезгілі мен судың сапасына қарамастан, құдық суын пайдалануға мәжбүр болды, — деп хабарлады прокуратурадан.
2025 жылы прокуратура қайтарған активтер есебінен құны 576,9 млн теңгені құрайтын орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жүзеге асырылды. Жоба аясында екі су ұңғымасы бұрғыланып, елді мекенді тұрақты сумен қамтамасыз етуге қажетті инженерлік инфрақұрылым құрылды. Нәтижесінде 200-ден астам абонент өз үйлерінде сапалы ауыз суға қол жеткізді.
Аталған жобаның іске асырылуы — мемлекетке қайтарылған активтердің халық игілігіне тиімді бағытталып, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге жұмсалып жатқанының нақты көрінісі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!