Фото: Ұлттық ұлан

Өскемен және Атырау қалаларындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері ҚАЖ қызметкерлерімен бірлесіп, сотталғандарға тыйым салынған байланыс құралдарын өткізу әрекеттерінің жолын кесті, – деп хабарлайды KAZINFORM.

Өскемен қаласындағы № 17 түзету мекемесінде ер адам сотталған азаматқа екі ұялы телефон өткізбек болған. Тыйым салынған заттарды жасыру мақсатында ол телефондарды торттың ішіне жасырған.

— Бір қарағанда, бұл кәдімгі торт болды. Алайда оны қолыма алған кезде салмағының әдеттегіден ауыр екенін байқадым. Бұл күдік туғызды. Бірлескен тексеру барысында тағам өнімінің ішінен екі ұялы телефон мен екі SIM-карта табылды, — деді кезекші бақылаушы ефрейтор Азат Жанабаев.

Тыйым салынған заттарды өткізуге тырысқан Өскемен қаласының тұрғынына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 481-бабының 1-бөлігі бойынша материалдар жинақталып, сотқа жолданды.

Дәл осындай оқиға Қылмыстық-атқару жүйесінің № 15 мекемесіндегі тексеру тобының бөлмесінде тіркелді, онда әскери қызметшілер сотталған азаматқа арналған сәлемдемеден тыйым салынған заттарды анықтады.

Бұл жолы тыйым салынған заттар піскен қарақұмық ботқасының ішіне жасырылған. Тексеру барысында әскери қызметшілер үш ұялы телефон мен бір қуаттағыш құрылғыны тапты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!