Маусымның соңында елімізде әлемді алаң­датқан «үнді» штамы анықталды. COVID-19-дың бұл мутациясы 2021 жылдың наурызында Үндістанда анықталды. Ол корона­вирустың антиденеге төзімділігін арт­тырады. Сондықтан екпе салдырғандар да COVID-19 жұқтыруы мүмкін. Ал оның белгілері қандай?
– «Үнді» штамының симптомы басқасынан ерекше болуы мүмкін. Мысалы, дәм сезу жоғалған жағдайда тұмау деп ойлап қалуы мүмкін. Бірақ адам әлсірей бастаған жағдайда дәрігер шақырту керек. Себебі, бұл штамм тез жұғады және қауіптірек. Бұл жағдайда азаматтар өздігінен емделмеуі керек, – деді Бас санитария дәрігері Жандарбек Бекшин.
«Үнді» штамын жұқтырған кезде науқастың буындары мен іші қатты ауырып, жүрегі айнып, құсуы мүмкін және бұл дертте құлағы естімей, аяқ-қолы ұйып қалуы мүмкін. Сондай-ақ белгілі инфекционист Абдул Гафур вирус жұқтырғандарда диарея жиі байқалатынын айтты. Ал Ресей билігі жаңа мутацияның мұрын біту, тамақтың ауырсынуы, бастың ауыруы сынды белгілері жоғары екенін атады.
«Үнді» штамы тез жұғады. Тіпті адамнан адамға жұғу жылдамдығы ұлыбританиялық штамнан да жоғары. Осы тұста қолданыстағы вакциналар «үнді» штамынан қорғай ала ма деген сұрақ туындайды. Отандық вакцинаны жасаушылардың сөзінше, QazVac-та, Спутник V-де белгілі штамдардан, оның ішінде, «үнді» штамынан да қорғайды. Бірақ кейіннен Спутник V вакцинасының «үнді» штамына қарсы тиімділігі төмендегені мәлімделді. Гамалея орталығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Денис Логуновтың айтуынша, Спутник V вакцинасының «үнді» штамына қарсы тиімділігі шамамен 2,6-ға аз көрсеткен.
«Үнді» штамына қарсы тиімділігін дәлелдеген вакцина – Moderna. Комп ания сайтындағы мәлімет бойынша, Moderna вакцинасының екінші компонентін алғанына бір апта болған 8 қатысушының қан сарысуына зерттеу жүргізілген. Нәтижесінде вакцина вирустың барлық нұсқасына, сонымен қатар Оңтүстік Африкада және Үндістанда анықталған 3 нұсқаға қарсы антидене берген. Сайтта көрсетілген мәліметке сүйенсек, «дельта» нұсқасында титрлердің 3,2-ден 2,1-ге дейін қысқаруы байқалған. Осылайша вакцина коронавирустың өзге үнді нұсқалары мен бразилиялық штамға қарсы тиімділігін көрсеткен.
«Үнді» штамы қарапайым коронавирустан 60 пайыз күштірек және бір мезетте 6 адамға дейін жұғады, 7 күннің ішінде білінеді. ДДСҰ мәліметі бойынша, «дельта» штамы әлемнің 92 елінде тіркелген.

Айүгл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!