Шығыс Қазақстандық генетиктер бір тамшы қан арқылы шарананың дамуын бақылап, мүмкін болатын қауіптерді анықтай алады. Дәрігерлердің қол астында жүкті әйелдердің іштегі сәби денсаулығына алаңдамау үшін қажетті скринингтен өткізетін бірегей жабдық бар, деп хабарлайды YK.KZ.

Бірақ сол 540 миллион теңгеге сатып алынған аппаратура екінші жыл іске қосылмай қаңтарылып тұр.

Облыста жыл сайын орта есеппен 8 мың әйел босанады. Дәрігерлер солардың үштен біріне шаранада патология болуы күдігі туындағанда генетикалық тексерістен өтуді ұсынады. Қауіпті дерттер қатарында Даун, Патау, Эдвардс синдромдары бар. Статистикаға сүйенсек, босанатындардың жалпы санының 5 пайызына дейін қауіп төнеді екен.

Ана мен бала орталығы перенеталды скрининг өткізіле бастаған соңғы 14 жыл ішінде Шығыс Қазақстанда 300 мыңнан аса әйелдің тексерістен өткенін атап өтті. Соның нәтижесінде 250 хромосомалық аномалия анықталған. «Қатер төніп тұрған жандарға инвазивтік пренатальды диагностикадан өту ұсынылады. Яғни, жатырды тесу арқылы шарана жатқан сұйықтық генетикалық сараптама үшін алынады», – дейді Ана мен бала орталығының генетик-дәрігері Маржан Дайрабаева. Бұл әдісті жүзеге асырғанда жатырды, іштегі шарана мен плацентаны зақым келтіру, инфекция жұқтыру қаупі жоғары. Тіпті баланың түсіп қалуы да мүмкін. Сол себепті болашақ аналар көп жағдайда мұндай қауіпті процедурадан бас тартып жатады. Соңғы 4 жыл ішінде еліміздің шығысында тексеріске жіберілген 14 мың әйелдің ішінде процедурадан өткендерінің үлесі 10 пайыздан да төмен болған! Осы уақыт аралығында, 2018 жылдан бері есептесек (Абай облысын қоса алғанда) өңірде 100-ден аса сәби Даун синдромымен туған. Оның ішінде тек 2023 жылы туғандардың саны – 33.

Медицина мамандары Vanadis жүйесі сатып алынғаннан кейін жағдай түбегейлі өзгерер деп үміттенген еді. Бұл бір ғана қан сараптамасы арқылы хросомалық аномалияларды 99% анықтауға мүмкіндік беретін инновациялық генетикалық зертханалар жүйесі. Мұндай жабдық әлемнің бар болғаны 17 елінде ғана, соның ішінде АҚШ, Еуропа және Жапонияда бар. Онда жоғарыда аталған тексеріс әрбір жүкті әйелдің міндетті скрининг бағдарламасына кіреді. Ал ТМД елдерінде бұл жабдық тек Қазақстанда, дәлірек айтқанда, Өскеменде ғана бар.

«Vanadis құрылғысын 2022 жылы бюджеттен тыс қаржыға сатып алдық. Ол үшін 540 миллион теңгені KAZ Minerals компаниясы бөлген еді. Біздің мамандар онымен жұмыс істеу үшін арнайы оқытылып, сертификатқа ие болды. Өткізілген сынама саны 68, оның өзі тек сынақ түрінде ғана. Тексерістен өткен әйелдер арасында 1 ғана хромосомалық аномалия анықталды. Қалғандарының дені сау, ешқандай қауіп болмағандықтан сәбидің өмірге келуін күттік», – дейді Маржан Дайрабаева.

Сол кезде бұл облыстағы жүкті әйелдерді генетикалық тексерістен өткізу ісіндегі тың серпіліс болатындай көрінген. Бірақ өкінішке қарай, зерттеу жұмысы бірден тоқтап қалды. Ана мен бала орталығы Денсаулық сақтау министрлігінен аппаратураны қолдануға әлі рұқсат ала алмай отыр. Себебі Қазақстанда бұл тектес жабдықтарды қолдану арқылы медициналық қызмет көрсету стандарты әлі бекітілмеген.

Министрлік өкілдері Vanadis технологиясына қызығушылық бар екенін, бірақ ол арқылы жасалатын әрбір тексеріс бюджет үшін 160-200 мың теңге тұратынын мәлімдеді. Бұл сараптама жасауға қажетті реагенттердің құны. Енді кімге және қандай жағдайда процедурадан өту қажеттігін анықтап алу қажет. Стандарттар мен механизмдерді зерделеу, қаржы табу және нәтижелерді саралау керек. Бұл оңай шаруа емес. Көп уақыт талап етуі де мүмкін. Мамандарда медициналық қызмет сапасы жөніндегі бірлескен комиссияның (СБК) оң нәтижелі қорытындысы бар. Енді бар шаруаны денсаулық сақтауды дамытудың республикалық орталығында келістіріп, бюджеттік комиссиядан өту керек.

Ал қазірше бірегей жабдық екінші жыл құр қаңтарылып тұр. Өскемендегі Vanadis құрылғысының енді қашан іске қосылары белгісіз. Шығыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасы реагенттер үшін облыстық бюджеттен 130 миллион теңге сұрауға ниетті. Сонымен қатар реактивтер мен шығын материалдарын сатып алуға көмектесетін демеушілер де қарастырылуда. Зерттеу жұмыстарының ары қарай жалғасуы нақты клиникалық тәжірибені дамытуға қажетті шынайы деректерді жинауға мүмкіндік береді.

Іс жүзінде Қазақстандағы кейбір зертханалар ақылы негізде осы тектес сараптама жүргізеді, бірақ алынған биоматериалдар шетелдік клиникаларға жіберіледі. Бұл тасымалдау және зерттеуді өзге клиниканың құрылғысында жүргізілуі себепті де тым қымбатқа түседі, әрі күту уақыты да ұзақ. Ал қолда бар жабдық қазірше Денсаулық сақтау министрлігіне қажет болмай тұр…. Біздің мемлекетте жүкті әйелдерді скринингтен өткізу тәртібіне инвазивті тестілеу әдісі қосылмаған. Және шарананың қауіпті патологиясын ерте анықтауға мүмкіндік беретін бірегей мүмкіндік пайдаланылмайды. Ана мен бала орталығына жылына 20 мың қан сынамасын сараптауға мүмкіндігі бар жабдықтың сыйға тартылғаны ескерусіз қалды.

Қазірше емдеу мекемесіндегі KAZ Minerals-тың көмегімен алынған жабдықтар арасында өте айқын кескіндеме шығаратын және сәуле дозасының өте төмен болуы балалар денсаулығы үшін аса маңызды жаңа Agfa рентген аппараты мен оттегі стансасы белсенді қолданылуда. Оттегі интенсивті терапия палаталары мен операция бөлмелерінде науқастардың өмірін құтқару және емдеу үшін аса қажет компонент. Әдетте медициналық мекемелерде көп жағдайда қолайсыздық туғызатын газ баллондары қолданылады. Ал Ана мен бала орталығында демеушілердің қолдауы арқасында 500 литрлік оттегі концентраторы мен 4 тонна сұйық газға есептелген үлкен станса орнатылған. Бұл ретте, 1 келі сұйық оттегінің 700 литр газтектес оттегіге тең екенін ескеру қажет. Станса клиниканың қажеттілігін толығымен өтеуге қабілетті. Науқастар оның игілігін әсіресе пандемия кезінде көп көрді.

Аймақтағы дәрігерлер Vanadis генетикалық құрылғысының да қазақстандықтарға көп пайда алып келерінен үмітті. Тиесілі министрлік медициналық қызмет көрсетудің қажетті стандарттарын қабылдап, мыңдаған болашақ ананың құрсағында жатқан сәби өміріне қауіп төндірмей тексерістен өтуіне мүмкіндік жасаса баланың денсаулығына алаңдамауға болар еді.

PS: Редакция аталған мәселе бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне ресми хат жолдады. Материал жарияланған уақытта жауап келген жоқ. Министрлік жауап берген жағдайда біз материалды жауапты мекеменің түсініктемесімен толықтыруға қуана келісетінімізді мәлімдейміз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!