Петропавлдағы мектептердің бірінде оқитын 16 жастағы жасөспірімнен туберкулездің ашық түрі анықталды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы Qazaqstan Media порталына сілтеме жасап.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, оқушының ауруы флюорографиялық тексеру кезінде белгілі болған. Медициналық ұйымнан түскен шұғыл хабарламадан кейін ол ауруханаға жатқызылған.
«Жасөспірімге бактерия бөлетін туберкулездің ашық түрі (МБТ+) диагнозы қойылды. Қазір ол облыстық фтизиопульмонология орталығында арнайы ем қабылдап жатыр», – деп мәлімдеді ведомство.
Мамандар инфекция ошағында дезинфекциялық жұмыстар жүргізген. Қазір науқаспен байланыста болған адамдар, оның ішінде отбасы мүшелері, мектеп оқушылары мен мұғалімдері, сондай-ақ жасөспірім қаралған емхана қызметкерлері тексеріліп жатыр.
Бұдан бөлек, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы оқушы тіркелген медициналық ұйым мен ауру анықталған мекемеде эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
