Кәсіпкерлерге қаңтар оқиғасы кезінде мүлкі бүлінгеннен шеккен залалын өтеу мақсатында мемлекеттен алған ақшалай көмегі табыс салығынан босатылған. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.

Комитет мәліметінше, Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 11 шілдедегі № 135-VII ҚР Заңымен Салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар төтенше жағдай кезеңінде келтірілген мүліктік залалды өтеу кезінде салық салу тәртібін реттейді.

Салық кодексінің 241-бабы 1-тармағының жаңа 28)-тармақшасы шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiсiнің төтенше жағдай кезеңiнде келтiрiлген мүлiктiк залалды өтеу үшiн алған ақша сомасын жылдық жиынтық табыстан алып тастауды көздейді. Бұл норма уақытша және 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады.

Сондай-ақ Салық кодексінің 341-бабының 1-тармағының 17) тармақшасы төтенше жағдай кезеңінде келтірілген мүліктік залалды өтеу түріндегі Қазақстан Республикасының заңнамасымен, жеке табыс салығы салынатын кірістерден, бюджеттен төленетін төлемдерден алып тастауды көздейтін жаңа абзацпен толықтырылды. Түзету 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.

Осылайша, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер – шағын және орта бизнес субъектілері төтенше жағдай кезінде келтірілген мүліктік залалды өтеу үшін ақша алған жағдайда жылдық жиынтық кірісті түзетуге құқылы. Егер әкімшілік құрған комиссияның шешімі болып, осы комиссияның тізіліміне кәсіпкер енсе, осындай түзетуді қолдана алады.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!