Өзге елдермен салыстырғанда қазақстандықтарға еңбекақы төлеудің үлесі төмен. Бұлтуралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жалақы төлеудегі сәйкессіздікті еңбек нарығына жүргізілген сараптама көрсеткен.

«2021 жылы жалпы ішкі өнім құрылымында өзге елдермен (Ресейде – 46,7, Беларусьта – 49,7, Еуропалық одақта 47,9 пайыз) салыстырғанда жұмысшыларға еңбекақы төлеудің төмен үлесі байқалады – 30,9 пайыз. Бұл еңбекақы төлеудегі сәйкессіздікке, жасырын жұмыссыздықтың болуына және соның салдарынан жұмыс істейтін кедейлердің (Қазақстанда – 32,7, Әзербайжанда – 39,7, Ресейде – 30,7, Грекияда – 13,4 пайыз) артуына негізделеді», делінген Үкімет басшысының жауабында.

Оның айтуынша, сараптамалық жұмыстарды жүргізуге және оның қорытындыларын талқылауға «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ, «Атамекен» ҰКП сарапшылары, экономика саласындағы тәуелсіз сарапшылар қатысқан.

«Сараптамалық жұмыстың қорытындысы мүдделі тараптардың, сондай-ақ Парламент депутаттарының қатысуымен 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу жөніндегі тұрақты жиналыстарда бірнеше мәрте талқыланды», дейді Әлихан Смайылов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!