Фото: proforientator.ru

KAZINFORM – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақбаров еліміздің минералдық-шикізат базасының қазіргі жай-күйі туралы айтып берді.

«Еліміздің минералдық-шикізат базасының қазіргі жай-күйіне жоғары баға беруге болады. Қазақстан пайдалы қазбалардың негізгі түрлері бойынша әлемнің жетекші елдерінің ондығына кіреді. Отандық минералды-шикізат базасы негізінен отын-энергетикалық кешеннің (көмірсутектер, көмір, уран), қара, түсті және сирек металдардың кен орындарынан тұрады. Жоғарыда аталған пайдалы қазбалар қорын ұтымды пайдаланған жағдайда, ұзақ уақыт бойы елдің экономикалық және өнеркәсіптік дамуының негізі болады. Яғни 50 жылдан 100 жылға дейін немесе одан да көп», – деді Ерлан Ақбаров Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, еліміздің минералдық-шикізат базасының жай-күйі туралы деректер Кеңес Одағы кезінде құрылған кен орындары қорына негізделеді. Бүгінде мемлекет есебінде барлығы 9177 кен орны бар.

«Геологиялық барлауға жеке инвестицияларды тарту жер қойнауын геологиялық зерттеуге бөлінетін қаржы мен оның тиімділігіне тікелей байланысты. Соның нәтижесінде жер қойнауын барлауды жүргізу үшін перспективалы аумақтар анықталады. Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді қаржыландыру жылына шамамен 10 млрд теңгені құрайды. Соңғы 5 жыл ішінде (2018-2023 жылдар) қаржыландыру сомасы шамамен 52 млрд теңгеге жетті. Ал жер қойнауын пайдаланудан барлауға салынған инвестициялар көлемі 357 млрд теңге», – дейді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!