Сарапшылар көрші Ресейден келгендердің легі тағы артса, инфляцияға кері әсер етуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Сарапшылар азық-түлік пен өзге де тауарлардың құны да өсуі ықтимал деп отыр.
Ресейден келіп жатқандар саны әлі азаймаған. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы аптада жеке сәйкестендіру номерін 8 мыңнан астам шетелдік алыпты. 
Қазақстан-Ресей шекарасында он күннен бері қарбалас. Арғы бетте мобилизация пункттері ашылса да, елге ағылған ресейліктердің қарасы азаймай тұр.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы аптада сегіз мыңнан астам көрші елдің азаматы жеке сәйкестендіру нөмірін алған. Экономистер елге келетіндердің көші одан әрі көбейсе, инфляцияға кері әсер етеді деп болжайды. 
“Жылжымайтын мүлік нарығында бағаның қалай құбылғанын көріп отырмыз. Жалдамалы пәтер құны аспандап кетті. Себебі, бұл нарықта сұраныс артты. Ресейліктер баспанаға жайғасты. Енді олар тамақ ішеді, жұмыс іздейді, керек затын алады. Демек, азық-түлік пен өзге тауарлардың бағасы тағы қымбаттауы мүмкін. Әрине елге келетін Ресей азаматтары осымен тоқтаса бәрі дұрыс болады. Егер көбейсе, жағдайымыз қиындайды”, – дейді экономист Андрей Чеботарев.
Ақша айырбастау пунктерінде де қазір ресейліктердің қарасы қалың. Барлығы рубльді теңгеге ауыстырып жатыр. Бірақ бұдан ұлттық валютамыз құнсызданбайды дейді сарапшылар.
Экономикаға батыс елдерінің Ресейге салып жатқан санкцияларының келесі легі кері әсер етуі мүмкін деп отыр сарапшылар. Сондықтан геосаяси ахуал ушығып тұрған шақта елімізге өнімдер экспорттайтын һәм ипорттайтын балама жолдар іздестіру қажет дейді мамандар.
“Ресей – басты сауда серіктесіміз. Ресейден келетін тауарлардың импорттық үлес 38 пайыз. Бұрын 41 пайыз болған. Демек, пайыздық көрсеткіш түсіп барады. Бір өкініштісі, қазір Ресей санкция санынан әлем бойынша бірінші орында тұр. Бұл біздің экономикамызға да әсерін тигізеді. Себебі, біз бұл елмен саудасаттықта тығыз байланыстымыз. «Қазақстан-Еуропа» жеткізу тізбегі қайта қалпына келу үшін жаңа транзит жолын табу қажет”, – дейді  Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының директоры Жәнібек Айғазин.
Сарапшылар еңбек нарығында да қиындықтар туындайтынын жасырмайды. Өйткені Қазақстанға уақытша қоныс аударған ресейліктердің көбі инженер мен ІТ саласының мамандары. Олардың алды жұмыс іздеуге кірісіп кетті. Арасында кәсібін дөңгелетуді көздейтіндері де бар. Экономистер Қазақстан мұндай өзгеріс пен мамандардың нөпіріне әлі дайын емес деген пікірде.