Виртуалды валютаның уақыты

Ең алдымен криптовалюта деген ұғымға ойыссақ. Мәселен, еліміздегі төл валюта – теңге. Сол сияқты интернеттің өз валютасы бар. Қолмен ұстауға келмейтін құпия ақша осы – криптовалюта. Электронды ақшаны табу аса қиын емес, оны компьютер өзі өндіреді. Ол үшін серверлерге тіркелген қондырғылар қиын есептерді шешеді, яғни құрылғы берілген алгоритмнің жауабын іздейді. Бір сөзбен айтсақ, бұл есептеуіш машиналардың математикалық шайқасы. Әр есеп шешілген сайын сіздің электронды әмияныңызға бонус түседі. Оның мыңнан аса түрі бар. Ең танымалы, әрі қымбаты, цифрлы ақшаның алтыны – биткоин. Оны өндіру тәсілін майнинг дейді. 2009 жылы жапондық Сатоши Накамото биткоин желісін іске қосып, алғашқы 50 биткоинды шығарған. Небары 13 жылдың ішінде оның бағасы аспандап кетті. Қазір 1 биткоин – 17 млн теңгеге жуық. Биткоинға дейінгі жиналатын тиынды сатоши дейді. 1 биткоин деп есептелуі үшін – 100 млн сатоши өндірілуі тиіс.

Майнинг жұмыстарын қолданылатын құралына байланысты ажыратуға болады. Негізгі түрлерінің алғашқысы – компьютерлік процессорлардағы өндіру (CPU). Онымен Monero сияқты криптовалюталарды ғана өндіруге болады екен. Екіншісі – видеокарта арқылы өндіру (GPU). Көптеген криптовалюталарды осы әдіс арқылы өндіруге болады. Соның ішінде эфир, dash кездеседі. Тұрақты режим арқылы да криптовалюталарды өндіруге мүмкіндік бар. Үшіншісі, ASIC арқылы. Бұл – криптовалютаны шығарудың тиімді тәсілі. ASIC – арнайы архитектурамен жасалған процессорлар. Бірақ бір тиімсіз тұсы – тез арада істен шығып қалады. Келесісі – ферма. Қуатты графикалық видеокарталарды (GPU) біріктіру арқылы жұмыс істейді. Бір немесе бірнеше компьютерге қосылу арқылы жүзеге асады және жоғары тиімділікті көрсетеді. Айта кету керек, майнерлердің артуы видеокартаға деген сұраныстың көбеюіне әкелген. Сондай-ақ оның тағы бір түрі – бұлтты майнинг. Ол кез келген фермадағы процессорға жалғану  арқылы жүзеге асады. Мысалы, айына белгілі бір процессорге ақша төлеп отырса болғаны. Ал қалған процессордың тапқан пайдасы тікелей өзіне түседі.

Үш биткоинмен байыған

Зерттеулерге зер салсақ, Кембридж университеті майнинг бойынша жаһандық көшбасшы Қытай емес, АҚШ: оның үлесі 35,4% деген дерекпен бөлісті. Ресей 11% үлесімен үшінші орынға шықты. Осыдан-ақ көрші Қытай майнерлерінің электр қуаты арзан көрші елдерге миграциясы басталғанын байқауға болады. Өткен жылы дүниежүзілік лидер болған ҚХР-дің үлесі 46%-дан құлдилаған. Себебі шығыс көршіде криптовалюта майнингі түбегейлі доғарылды. Бұған қоса ҚХР билігі криптотранзакциялар жүргізуге толығымен тосқауыл қойды. Биткоин сатқандар да, сатып алғандар да қаржылық қылмыс жасаған болып есептеледі және қатаң жазаланады. Сарапшылардың айтуынша, Бейжің осы арқылы жаппай қолданысқа енгізіледі деп жоспарланған цифрлық юань үшін мұны тазалады.

Осындай жағдайлардың әсерінен барлығы Қазақстан мен Ресейге көше бастады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан криптовалюта өндіруден АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Алайда сол жылдан бері елде энергия тапшылығы туындай бастады. Оның себебі криптовалюта өндіретін бір құрылғы орта есеппен сағатына 3,5 кВт электр энергиясын тұтынады. Бір ғана ASIC айлық есеппен шаққанда 2,5 МВт энергияны пайдаланады. Оған қоса әзір қазақстандықтардың биржада бағы жанып, байып кетіп жатқандары кемде-кем. Бірақ бұл жобаның тартымдылығы жоқ деуге де келіңкіремейді. Заңгер Ерденбек Мұратовтың оқиғасына тоқталсақ.

«Осыдан 3 жылдай бұрын 3 биткоин алғанмын. Әлемде биткоин иелену сәнге айналған кез. Сонда еңбекақымыз, 13-жалақымыз, сыйақымыз қатар түсті. Ол кезде криптовалюта шетелдік биржада 990 доллардан сатылып жатты. Бір жыл өткенде, яғни келесі жылдың соңында оның құны 20 есе қымбаттады. Солай екен деп кері сатуға тұра жүгірмедім. Қайта тағы алып қояйын деген ой болған, бірақ артық қаражат болмады. Жақында биткоин бағасы аспандады деген жаңалықты естіп, сақтауда тұрған үш криптовалютамды тегіс сатуға ұйғардым. 90 мың доллардан асатын сомаға қол жеткіздім. Оған Нұр-Сұлтаннан үш бөлмелі үй сатып алдым», – дейді ол.

Криптовалютаны өндіруден бөлек, криптобиржаларда сатуға немесе сатып алуға болады. Электронды әмиянда жиналған қаражатпен өндірушілер өзара саудаласа алады. Қажет болса қолданыстағы ақшаға да алмастырады. Ол үшін арнайы қосымшалар қарастырылған.

Экологтар қарсы, экономистер…

Енді мәселенің құқықтық жағын бағамдап көрелік.Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі комитеті Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің сарапшысы Әсет Ыбраев елде осы іске тәуекел жасаған 167 ұйым барын хабарлады. Оның 78-і жұмыс жүргізіп жатса, 89-ы енді жоспарлап отыр. Тек тіркелумен тірлік бітпейді. Криптовалюта өндірушілер салық төлеуге міндетті.

Оның үстіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Қазақстандағы заңсыз майнинг мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды. Ставкасы 1 КВТ – 1 теңге. Бірақ та осы ставканы көбейту мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр. Себебі жоғарыда келтіргеніміздей, техникалық құжаттарын өзге кәсіп түріне рәсімдеп, бірақ шын мәнінде майнингпен айналысып отырғандар құрықталған. Жыл сайын 2 пайызға өсетін энергия тұтыну көлемі 6,1 пайызға дейін артқаны алаңдатарлық. Оңтүстік аймақтарда бұл көрсеткіш – 12%.

«Оларды әуелден-ақ Қытайдан көшірудегі себеп экологиялық нормалар мен тыйымдарға қатысты. Енді оларды бізге әкелгенде де соншалықты қажеттілік көріп тұрған жоқпын. Өйткені біздің өзіміз жаңа Экологиялық кодекске сәйкес, ауаға тарататын зиянды эмиссияларды қысқартуымыз керек. Оның бір түріне майнинг фермалар бөлетін жылу энергиялары жатады. Екінші мәселе электр энергиясына қатысты. Оларға жететін елімізде тоқ бар ма? Ол қандай желілермен таралады? Бұрынғыдан да көп тоқ бөлеміз деп ТЭЦ-тер мен ГРЭС-тер қосымша қуатпен жұмыс істейтін болса, бұл апаттық жағдайға әкелуі мүмкін. Олардың жартысына жуығы онсыз да апатты жағдайда тұр.  Ауаға тарайтын көмірқышқыл газының көлемі артып, парниктік әсер күшейе түспек. Ал өз алдына тоқ желісін тартпаса, қолданыстағы желілерге күш түсіп, ол да өз кезегінде пайдадан қалмақ. Өйткені еліміздегі электр желілерінің 70%-ының тозығы жеткені әлдеқашан анықталған», – деген ой білдіреді республикалық KAZ ECO PATROL қоғамдық ұйымының төрағасы Тимур Елеусізов.

Ал экономистердің, майнингпен айналысатындардың пікірі кереғар. Олар 2040 жылы «ауадағы ақшаның» шегі бітеді. Сондықтан тиімді тұсты ұтымды пайдалану керек деп есептейді. «Электр станцияларын өзіміз саламыз» деген ұсыныстары тағы бар…

А.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!