Фото: Polisia.kz

«Қазақтелеком» АҚ телефон алаяқтығына қарсы күрес аясында жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізіп жатыр. Бұл туралы компания басқарма төрағасы Бағдат Мусин «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесінің отырысында мәлім етті, – деп хабарлайды KAZINFORM.

Оның айтуынша, алаяқтық қоңырауларға қарсы арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету енгізілген. Ол күмәнді қоңырауларды анықтап, тиісті колл-орталықтарға бағыттайды. Бұл орталықтар Бас прокуратурамен бірлесіп құрылған.

– Біз мұндай қоңырауларды анықтап, арнайы колл-орталықтарға жібереміз. Қазіргі таңда осындай қоңыраулардың шамамен 6%-ын тоқтатып отырмыз. Ал 100% қамту үшін қуатымызды шамамен 20 есеге арттыру қажет. Сондықтан операторлар санын геометриялық прогрессиямен көбейтпей, мәселені тиімді шешу үшін ЖИ модельдерін әзірлеудеміз. Болашақта олар қоңырауларды автоматты түрде өңдеп, азаматтарды алаяқтардан қорғауды қамтамасыз етеді, – деді Бағдат Мусин.

Ол телефон алаяқтығына қарсы күрес тұрақты жұмысты талап ететінін атап өтті. Себебі қаскөйлер қорғаныс технологияларына тез бейімделеді.

Сонымен қатар бұл бағыттағы жұмыс Бас прокуратура және Ұлттық банк жанындағы Антифрод-орталықпен үйлестіріліп жүргізіліп жатыр. Президент тапсырмасы аясында ведомствоаралық өзара іс-қимыл жолға қойылған.

– Біз тек ұсыныстар әзірлеп қана қоймай, нақты шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Атап айтқанда, телекоммуникация желілерінде азаматтарды алаяқтық қоңыраулардан қорғайтын арнайы бағдарламаларды енгізудеміз, – деп толықтырды Бағдат Мусин.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!