Қармақшылық жастардың бағы бар дерсіз. Себебі жақында ғана «IT Park Qarmaqshy» ашылды. Бұл – облыстағы аудандардың арасында іске қосылған алғашқы IT орталық. Облыс төңірегінде шоғырланған технологиялық орта, стартап мәдениеті мен цифрлық білім енді ауданға да жетті.

2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан облыстық IT Park талай жастың идеясын жобаға, жобасын өнімге айналдырды. Енді сол мүмкіндік аудан жастарына да беріліп отыр. Демек сұраныс бар деген сөз.

− Иә, әрине. Қармақшылық жастардың ынтасы мен қабілеті бір төбе. Мұндай орталыққа сұраныс бар. Облыста хакатон, Inno Fest секілді түрлі байқау мен додалар ұйымдастырылады. Яғни мұнда технологиялық орта бар. Ендігі біздің мақсат − аудан мен ауылдардың арасындағы технологиялық қашықтықты азайту. Аудан жастары осы орталыққа келіп білім алады, үйренгенін жетілдіру үшін кейін бізге келеді, − дейді облыстық IT Park орталығының жетекшісі Жанболат Сәдібеков.

Аудан жастарына жаңа мүмкіндік

Айтпақшы, бұл – пилоттық жоба.

− Ауданнан филиал ашу жұмысы былтыр желтоқсанда басталды. Қармақшы аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Нұржан Шәпи ұсыныс айтып, міне, жақында ғана ашылу салтанаты өтті. «Руханият» орталығында орналасқан «IT Park Qarmaqshy» кабинеті техникалық қажеттіліктермен толық қамтамасыз етіліп, 12 дербес компьютермен жабдықталған.

Біздің негізгі міндет – технология мен жастар арасындағы алшақтықты азайтып, оларды өзара байланыстыру арқылы білім беру. Бұл – пилоттық жоба. Басқа аудандардан да ұсыныстар түсіп жатыр, алайда әзірге басқа филилал ашу жоспарда жоқ. Себебі алдымен Қармақшыдағы филиалдың жұмыс барысын толық зерттеп, артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтап алуымыз қажет, − дейді «GRAND master» бағдарламалау мектебінің директоры Алмат Қуанышбаев.

Аудан жастарына жаңа мүмкіндік

Жоспар да жақсы. Мысалы жастарға ноу-хау бағыттары бойынша қайта даярлау ұйымдастырылады, информатика пәні мұғалімдері мен аудан бағдарламашыларын оқыту да қарастырылған. Сонымен қатар 300-ге жуық NEET санатындағы жастарға да оқыту жүргізіледі. Мамандар жыл соңына дейін Қармақшыдағы орталықпен тығыз жұмыс істейді. Қазіргі таңда филиалға жетекшілік ететін екі маман облыстағы орталыққа келіп тәжірибе алып жатыр. Google Forms арқылы сауалнама дайындаудан бастап, Instagram парақшасын жүргізуді, AmoCRM, CRM жүйелерімен жұмыс істеуді меңгеруде.

Қазір Қармақшы жастарының алты IT стартап жобасы тіркелген. Олардың қатарында «machine learning» бағыты, нақтырақ айтқанда, машиналық көру технологиясына негізделген жұмыс та бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастар ұсынған жоба оларды ерекше таңғалдырған.

− Біз бастапқыда робототехника бағытындағы жобалар болады деп күткен едік. Алайда мұндай жоғары деңгейдегі жоба ұсынылады деп ойламадық, – дейді Алмат Жомартұлы.

Аудан жастарына жаңа мүмкіндік

Иә, жастардың беталысы жаман емес. Мамандар да мұны мойындап отыр. Десе де жаман айтпай, жақсы жоқ деген де бар емес пе?!

− Дұрыс айтасыз. Тәуекел әрқашан болады. Оны мүлдем сызып тастай алмаймыз. Десе де қорқынышқа бой алдырмау керек. Осыдан он жыл бұрын Қызылордада IT деген түсінік мүлде болған жоқ. Соған қарамастан, Нұрлан Құлмырзаев, Сәбит Ибадулла, Қанат Қараев секілді мамандар бірігіп, қажырлы еңбек етіп, 11 жылдың ішінде бұл саланы белгілі бір деңгейге көтерді. Бұл − үлкен еңбек пен тәжірибенің нәтижесі.

Бір жағынан Қызылорда біз үшін тәжірибе алаңы болды. Қателестік, үйрендік. Соның нәтижесінде қазір жұмысты қалай және неден бастау керек екенін білетін деңгейге жеттік. Енді сол тәжірибені басқа өңірлерде іске асыратын уақыт келді, − деп бөлісті Алмат Қуанышбаев.

Аудан жастарына жаңа мүмкіндік

IT Park-тің ішіндегі өмір

Аудандағы жаңалық жайында тарқатқаннан кейін облыстағы орталықтың жай-жапсарына көштік. Сол сәтте резиденттердің де жұмыстан бас алмай отырғанын көрдік. Мысалы солардың бірі – Ілияс есімді жігіт Perfomance Lab сияқты ірі ресейлік тестілеу компаниясында қашықтан жұмыс істейді. Негізінен мобильді қосымшаларды тестілеумен айналысады. Австрияда да жұмыс істеп жүрген жастарымыз бар. Олардың кейбірі әлі студент болса да, қатарынан жұмыс істеп, тәжірибе жинап жүр.

Сонымен қатар стартап жобалармен де таныстық. Олардың қатарында фишинг шабуылдарын жасанды интеллект арқылы анықтайтын «PhishGuard AI», ойыншыларға тиімді команда табуға көмектесетін «Team for Gamers» платформасы және мектеп асханасына алдын ала тапсырыс беруді жеңілдететін «SmartCanteen» жүйесі бар. Сонымен қатар «School-Quest» оқушылардың белсенділігін арттыратын геймификация элементтерін ұсынса, «IT Park Academy» – IT-дің барлық бағыты бойынша кешенді білім беретін платформа. Киберқауіпсіздік бағытында «AntiFraud.kz», «ScamRadar AI» және «CyberGuard Kaz» жобалары алаяқтықты анықтау, цифрлық қауіптерден қорғауға бағытталған. Ал «Bolashak EduSpace» университет ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік берсе, «VectorAI» – логистикалық процестерді оңтайландырады. Қалалық инфрақұрылымды цифрландыруға арналған «JasylOrda» жобасы жасанды интеллект арқылы мәселелерді талдап, басқару жүйесін жеңілдетеді.

Орталыққа келетіндердің ең кішкентайы тоғыз жаста екен. АҚШ-та өтетін жарысқа дайындалып жүр. Ал ең үлкен қатысушы − 63 жастағы Руслан ағай.

Аудан жастарына жаңа мүмкіндік

Үлкен қалаға кеттің бе, жас маман?

Міне, білім алып, дағдыларын дамытып, түрлі мәселені шешетін жобалар жасап, биіктерді бағындырып жүрген жастарымыз жетерлік. Жетістіктерін мақтанышпен айтамыз. Бірақ білімі мен білігі бар мамандар облыста тұрақтамайды. Бұл өз алдына үлкен мәселе.

− Жалақы. Иә, мегаполистерге кетудің бірден бір себебі − жалақы деңгейі. Өңірлерде орташа айлық шамамен 350 мың теңге көлемінде болса, Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда бастапқы деңгейдегі әзірлеушілерге 700-800 мың теңгенің көлеміндегі жалақы ұсынылады. Мұндай айырмашылық, әрине, жастардың ірі қалаларға немесе басқа елге кетуіне әсер етеді. Себебі олар тиімді мүмкіндікті таңдайды.

Сонымен қатар IT нарығында кадрларға сұраныс жоғары болғандықтан, компаниялар жас мамандарға көз тігеді. Яғни, білікті жастар үшін күрес жүріп жатыр, − деп түсіндірді Алмат Қуанышбаев.

Аудан жастарына жаңа мүмкіндік

«Жасанды интеллектіге толық сенбеу керек»

Дағды мен біліктілік сөз болғанда, мамандар жастарға бірнеше кеңес айтты.

− Ақпараттық технологиялар саласына енді қадам басқан жас маман немесе оқушы арнайы орталықтарға келуі қажет. Мұндай ортада ол жаңа біліммен танысып қана қоймай, өз ортасын табады, басқа балалармен араласады және командалық жұмыстың маңызын түсінеді. Сонымен қатар, түрлі жобалар мен жарыстарға қатысу арқылы қабілетін дамытып, тәжірибесін арттырады, − дейді Жанболат Сәдібеков.

Алмат Қуанышбаевтың айтуынша, егер осы салада расымен де дамуды қаласаң, жасанды интеллектіге толық сенбеу керек. Ең әуелі кітап арқылы базалық білімді меңгерген дұрыс. ЖИ – пайдалы құрал, уақытты үнемдейді, белгілі бір тапсырманы жылдам орындауға көмектеседі. Бірақ ол − тек көмекші.

Аудан жастарына жаңа мүмкіндік

− YouTube жоқ, арнайы курстар жоқ уақыт. Компьютердің өзі тек университеттерде ғана бар. Ал ақпарат табу тіптен қиын кезең еді. Бірақ код жазуды үйренуің керек. Қолға ағылшын тілінде жазылған кітап пен сөздікті алып, әр сөзді жеке-жеке аударатынбыз. Дәптерге код жазып, кітаптан көшіріп отырдық. Кейде 10 мың жол кодтың 200-300 бетін қолмен жазатынбыз.

Міне, осылай күнделікті дайындалғаннан кейін бір уақыттары кодтың шамамен 70-80 пайызын өзім жазып шығатынмын. Үйренген біліміңді ешкім тартып ала алмайды, − деді ол. Міне, мамандармен жүздесіп, бірнеше тақырыпты қозғадық. Расымен, жаңадан ашылған филиал аудан жастары үшін жаңа кезеңнің алғашқы баспалдағы болмақ. Бұл бастама тек білім алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты азайтып, жастардың әлеуетін көтеруге жол ашады.

Ең бастысы – жастардың талпынысы мен үздіксіз еңбегі. Себебі технология – тек құрал, ал оны алға сүйрейтін адам капиталы.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!