Бір жылдары көшеде кездейсоқ танысқан Ерасыл мен Мадибек күні кеше қанжығаларына бір миллион теңге байлады. Өмір деген қызық, иә?! Тағдырдың не дайындағанын білмейсіз…

250-ге жуық адам қатысқан «Amanat Ideathon» хакатонында бас жүлде иеленген жастардың бірі кезінде далада аяқ астынан танысқандарын айтты. Сол таныстық міне достыққа, ортақ жұмысқа ұласып, тіпті жеңімпаз атандырды.

Мадибек Маратұлы − 20 жаста, бүгінде ол КазГАСА университетінің 4 курс студенті. Ал досы, әрі сенімді серігі Ерасыл Сарыбаев қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8 сыныбында оқиды.

Иә, жақында қалада әлеуметтік маңызы бар инновациялық идеяларға арналған «Amanat Ideathon» өтті. Байқауға Астана қаласы, Ақтөбе мен Қарағанды облыстарынан, сондай-ақ Қызылорда қаласы мен барлық ауданнан 100- ден астам жоба қабылданып, ақтық кезеңге 250- ге жуық адам қатысты. Қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын ұсынды. Ал бұл стартаперлерге таптырмас мүмкіндік. Себебі хакатон аясында болашақ тұтынушыңды, серіктестермен қатар демеушіңді де тауып, жобаны нақты өнімге айналдыруға бір қадам жақындайсың.

Хакатон барысында қатысушылар PropTech, MedTech, LegalTech, EdTech және Community Tech бағыттары бойынша жобаларын қорғады. Ал оны 6 сарапшыдан тұратын қазылар алқасы бағалады.

Байқаудың қорытындысы бойынша EdTech бағытында «Qozy» мобильді қосымшасын таныстырған Мадибек Жолдасбек пен Ерасыл Сарыбаев 1 000 000 теңге жеңіп алды. Үздіктер марапатталғаннан кейін бірден Мадибектен пікір алдық. Жеңімпаз қуанышын жасырмай, хакатонның олар үшін үлкен тәжірибе болғанын айтты.

Хакатонда миллион ұтқан жоба

 − Сарапшылардан да кері байланыс алдық. Біздің жобамыздың қоғамға пайдалы болатынына сеніміміз артты, − деді ол.

Кейін асықпай жүздесіп, жобаның мақсатын сұрадық. Мадибектің өзі ағылшын мен түрік тілінде жақсы сөйлейді. Кейін «неге өзге тілді оңай және қызық форматта үйрене алатын қосымша жасамасқа?» деген ой туып, «Qozy» мобильді қосымшасының жұмысын бастаған. Алғашында негізгі мақсат алыс аудан мен ауыл халқына шеттілін жеңіл меңгеруге көмектесетін қосымша жасап, білімді қолжетімді етуді жоспарлаған. Кейін тек шалғай жерлермен ғана шектелмей, барлығына да қолжетімді, тіл үйренемін, білгім келеді деген жастарға да, егде жастағы кісілерге де көмектесетін қосымша ретінде дамытқан. Қазір оны App Store мен Google Play арқылы жүктеп алуға болады. Қосымша арқылы қолданушылар тіл үйреніп жүрген басқа адамдармен байланыс орнатып, бейнеқоңырау арқылы сөйлесе алады. Сондай-ақ мұнда тіл меңгеруді жеңілдететін түрлі құралдар қарастырылған: shadowing әдісі арқылы айтылымды жаттықтыру, speaking бөлімі арқылы шынайы диалог жүргізу, флэшкарталар көмегімен сөздік қорды кеңейту мүмкіндігі бар.

Бұдан бөлек, A1-ден B2 деңгейіне дейінгі видеосабақтар ұсынылады, онда грамматиканы кәсіби мұғалімдер түсіндіреді. Негізі мұндай курстардың бағасы деңгейіне қарай 10-15 мың теңге аралығында болса, бұл қосымша арқылы айына небәрі 3500 теңгеге білім алуға болады. Қалған функциялардың барлығы тегін ұсынылған.

Қосымша әзірге ағылшын тілін үйренуге қызығушылық танытқан қазақ аудиториясына бағытталған. Пайдаланушы жынысын, жасын және тіл деңгейін белгілеп, өзіне сәйкес сөйлесетін серіктес таба алады. Алдағы уақытта платформаға басқа тілдер де қосылып, жоба авторлары қосымшаны өзге елдің де нарығына әкелуді жоспарлап отыр.

Ал білім грантының иегері Көркем Мұхаммеджанова − №135 мектептің оқушысы. Ол Qos Qanat жобасын ұсынды. Жоба авторының айтуынша, идея әлеуметтік желіде хакатон туралы ақпаратты көргеннен кейін пайда болған.

− Иә, хакатонға қатысып, бақ сынауды жөн көрдік. Ал жоба жасау үшін алдымен командамен «Қазір бізде нақты қандай проблема бар?» деген сауалға жауап іздедік.

Хакатонда миллион ұтқан жоба

Осылайша оқушыларға арналған қосымша жасау идеясы келді. Себебі бітіруші түлектер ҰБТ-ға дайындалу үшін түрлі қосымша курсқа қатысып, айына кем дегенде 100 мың теңге жұмсайды. Сондықтан тегін, қолжетімді әрі қызықты платформа жасадық. Мұнда оқушыларды тек тест пен теория арқылы емес, интерактивті форматта оқытуға бағытталған, − дейді Көркем Мұхаммеджанова.

Қосымшада екі ассистенті бар оқу жүйесі, quiz форматындағы тапсырмалар, шағын ойындар мен анимациялық видеосабақтар қарастырылған.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!