Фото: ашық дереккөзден

Ақпараттық технологиялар саласы белсенді дамуда. Бүгінде IT бағыты үздіксіз жаңа жұмыс орындарын ашатын саланың біріне айналды. Осы орайда стартап мәдениетін қалыптастыруда жоғары көрсеткіштерге ие Astana Hub халықаралық технопаркінің жұмысымен таныссақ.

Astana Hub – орталық Азиядағы ІТ стартаптардың ең ірі халықаралық технологиялық паркі. Мұнда қазақстандық және шетелдік технологиялық компаниялардың дамуы үшін жағдай жасалған. Орталықтың миссиясы – дамыту орталығына айналу, мықты IT– компаниялар құру. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында 2018 жылы IT аренаға аяқ басқан орталықтың жұмысы қарқынды жүруде. Бүгінде технопаркке 1 393 IT компания тіркелген. Жалпы қаржыландыру көлемі 245 млрд теңгені құрайды.

Қажеттілік пен сұраныстың артуы есебінен көптеген компаниялар білікті маманға мұқтаж. Мемлекет басшысы Digital Bridge – 2022 халықаралық технологиялық форумы аясында 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті ІТ маман даярлау міндетін қойғаны баршаға мәлім. Білікті мамандардың тапшылығы мәселесі аясында Astana Hub технопаркінің тәжірибесін өңірлерде тарату жұмысы қолға алынды. Нәтижесінде ел аймақтарында IT-стартаптарды қолдау және инновациялық жобаларды дамыту үшін 12 өңірлік IT-Хаб ашылды. Өңірлік хабтар өз аймақтарында инновациялық жобаларды әзірлеумен, IT саладағы мамандарды оқыту және даярлаумен айналысады.

Сондай-ақ олар жергілікті IT қауымдастықтарды дамытып, оған барлық мүдделі тұлғалар қосыла алады. Стартап жобаларды әзірлеудің инкубациялық кезеңінде кәсіпкерлікке оқыту, инвестицияларды тартуға көмек көрсету, қаржылық есеп және PR қолдау көрсетіледі.

Өткен жылы ақпараттық технологиялар саласы бойынша аймақтарда 784 іс-шара ұйымдастырылып, 24 702 адам қатысты, сондай-ақ 194 стартап-идея ұсынылып, 7 ауқымды халықаралық деңгейде форум өтті. Нәтижесінде былтыр өңірлерден 70-тен астам компания Astana Hub-қа қатысушы ретінде тіркеліп, қазіргі таңда еліміздің IT секторының дамуына белсенді үлес қосуда.

Мамандар даярлауда қосымша білім беру, қажетті ресурстармен қамтамасыз ету маңызды. Мәселен, IT саласында адами капиталды дамытуға бағытталған Tech Orda бағдарламасы, No Code, Startup Garage, Beta Career, Hero Training, Tech Girls, Alem School сындыоқыту бағдарламаларының аясында 20 мыңнан астам адам дағдыларын дамытқан.

Соңғы жаңалықтарға кезек берсек, Катардың астанасы Дохада өткен Web Summit конференциясына отандық 8 стартап қатысқан. Солардың бірі – blockchain технологиясын пайдаланып, құжатқа онлайн қол қоюға, цифрлық форматта құжаттарды жасау және қол қою процесін оңтайландыруға арналған Trustme стартап жобасы.

Үздіктер қатарында нәзік жандар да бар. Бүгінгі таңда технопаркте тіркелген компаниялардың 250-ге жуығын әйелдер басқарады, соның ішінде 25 пайызы өз қызметтерін шетелге шығарып үлгерген.

IT-дің астанасы саналатын, әлемнің түкпір-түкпірінен келген дарындардың отаны, ең әйгілі технопарк Кремний алқабы секілді ақпараттық технологиялар әлемінің отаны болу Қазақстан үшін арманда қалмасына сенеміз.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!