330 мың доллар тұратын гамбургердің дәмін татып көрдіңіз бе? Иә, тағамнан, оның дәмінен бұрын бағасы елең еткізеді. Құрамында алтын жоқ. Десе де гамбургердің құрамында алтынға бергісіз зертхана жағдайында жасалған ет бар.

2013 жылдың тамызында профессор Марк Пост бастаған бір топ ғалым жасанды еттен жасалған гамбургерді таныстырды. Бұл идея алғаш рет ХХ ғасырдың басында пайда болғанымен, оны іс жүзінде жүзеге асырған нидерландтық ғалым Марк Пост болды. Ол сиырдың бұлшықет жасушаларын алып, қоректік ортада көбейту арқылы ет ұлпасын өсірді. Осылайша мал соймай-ақ ет өндіруге болатынын дәлелдеді.

Диетолог Ханни Рутцер мен тағам зерттеуші Джош Шонвальд гамбургерге баға беріп, ет тым құрғақ және майы аз деп түсіндірді.

Бүгінде бұл технологияны әлемнің ондаған компаниясы дамытып жатыр. Зертханалық ет өндірудің мақсаты – дәстүрлі мал шаруашылығын толық алмастыру емес, оның экологиялық салмағын азайту. Өйткені әлемдегі ауыл шаруашылығына жарамды жердің едәуір бөлігі мал азығын өсіруге жұмсалады, ал ірі қара малдан бөлінетін метан парниктік газдардың маңызды көздерінің бірі саналады.

2020 жылы Singapore әлемде алғаш болып зертханада өсірілген тауық етін сатуға рұқсат берді. Кейін АҚШ та мұндай өнімнің жекелеген түрін коммерциялық өндіруге келісім берді. Ғалымдардың болжамынша, өндіріс көлемі ұлғайған сайын мұндай еттің бағасы қарапайым өніммен бәсекелесе алатын деңгейге түседі.

Алайда бұл технология төңірегінде пікірталас та аз емес. Кейбір мамандар оның энергетикалық шығыны мен өндірістік құнын төмендету әлі де үлкен мәселе екенін айтады. Соған қарамастан, зертханада өсірілген ет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа бағыты ретінде қарастырылып отыр.

Иә, кезінде адамзат аспанға ұшуды армандады. Қалта телефоны да фантастика саналды. Ал бүгінде бізді темірден жасалған алып құрылғылар емес, көзге көрінбейтін алгоритмдер, жасушалардан өсірілген ет немесе өздігінен «жарасын жазатын» материалдар таңғалдырады.

Технологиялық революция бұрынғыдай зауыттарда емес, зертханаларда жүріп жатыр. Ғалымдар болашақтың көлігін ғана емес, болашақтың адам ағзасын, болашақтың энергия көзін, болашақтың компьютерін жасап жатыр.

Сарапшылардың айтуынша, XXI ғасырдың екінші жартысын дәл осы технологиялар айқындауы мүмкін. Кейбірі қазірдің өзінде қолданыста. Кейбірі енді ғана зертханадан шығып жатыр. Бірақ олардың барлығының ортақ қасиеті бар, олар адамзаттың өмір сүру тәсілін өзгертеді.

Ал сіз бен біз жиі қолданатын GPS арқылы адамзат жолдан жаңылмайтын дәуірге өтті. Қазір бейтаныс қалаға барғанда телефонды ашып, бағытты қарай саламыз. Бұл соншалықты үйреншікті әрекетке айналды, тіпті оның артында ондаған жылдық ғылыми еңбек жатқанын ұмытып кетеміз.

GPS жүйесінің тарихы 1970-жылдары басталды. Алғашында ол АҚШ әскери күштері үшін жасалған құпия жоба болатын. Кейін технология азаматтық мақсатқа бейімделді. Бүгінде Жерді айналып жүрген ондаған навигациялық спутник үздіксіз сигнал таратады. Смартфон сол сигналдардың бірнешеуін қабылдап, өзінің орнын бірнеше метр дәлдікпен анықтайды.

GPS тек көлік жүргізушілеріне ғана қажет емес. Ұшақтардың бағытын анықтау, теңіздегі кемелерді басқару, ауыл шаруашылығында егістікті сантиметрлік дәлдікпен өңдеу, құтқару операцияларын жүргізу, курьерлік қызмет, банк жүйесі, электр желілерін синхрондау – мұның бәрі GPS технологиясына тәуелді. Сарапшылардың пікірінше, егер GPS жүйесі бір тәулікке толық істен шықса, әлемдік экономика миллиардтаған доллар шығынға ұшырауы мүмкін.

Теңіз көлігі – әлемдік сауданың күретамыры. Бүгінде халықаралық сауданың шамамен 90 пайызы теңіз арқылы жүзеге асады. Бірақ бұл саланың бір мәселесі бар. Ол − адам факторы. Халықаралық теңіз ұйымының мәліметіне сәйкес, теңіздегі апаттардың басым бөлігі адам қателігінен болады.

Осы мәселені шешудің жолы ретінде кейінгі жылдары автономды кемелер технологиясы қарқынды дамып келеді. Автономды кеме – ішінде капитан тұрмаса да, жүзу бағытын өзі есептеп, айналасындағы кемелерді, ауа райын, толқынның биіктігін және судағы кедергілерді бақылай алатын «ақылды» кеме. Оның «көзі» – радар, GPS, лидар, камералар мен ондаған датчик. Ал «миы» – жасанды интеллект.

2018 жылы норвегиялық Yara компаниясы әлемдегі алғашқы толық электрлі әрі автономды контейнер тасымалдауға арналған Yara Birkeland кемесін таныстырды. Жоба қысқа қашықтықтағы жүк тасымалын жүргізушісіз ұйымдастыруды көздейді. Ал Жапония 2022 жылы бірнеше автономды кемені ашық теңізде сынақтан өткізсе, Қытай қашықтан басқарылатын жүк кемелерін дамыту жобаларын іске асырып жатыр.

Мамандардың айтуынша, автономды кеме отынды тиімді жұмсайды, маршрутты дәл жоспарлайды және тәулік бойы бірқалыпты жұмыс істейді. Бұл тасымал құнын азайтып, экологиялық әсерді төмендетуі мүмкін.

Neuromorphic Computing – адам миының жұмыс істеу принципіне ұқсас технология. Мұнда ақпарат кәдімгі процессордағыдай ретімен өңделмейді. Жасанды нейрондар мен синапстар секілді элементтер бір мезгілде жұмыс істейді. Соның арқасында жүйе аз энергия жұмсап, күрделі тапсырмаларды орындауға мүмкіндік алады. Бұл технология әсіресе робот техникасында, автономды көліктерде және ғарыш аппараттарында маңызды болуы мүмкін. Себебі мұндай құрылғыларға жылдам ғана емес, энергияны үнемдейтін есептеу жүйесі қажет.

Бүгінде әлемнің жетекші зерттеу орталықтары мен технологиялық компаниялары нейроморфтық чиптерді әзірлеумен айналысып жатыр. Сарапшылар бұл бағытты жасанды интеллекттің келесі даму кезеңдерінің бірі ретінде бағалайды.

Ең үлкен сұрақ – болашақ қандай технологиялармен келетіні емес. Сол технологияларды адамзат қандай мақсатқа пайдаланады? Өйткені кез келген өнертабыс – құрал ғана. Оның адамзат игілігіне қызмет етуі де, қауіпке айналуы да оны қолданатын адамның қолында.

Аман ЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!