Қазіргі жастардың ғылым мен технологияға деген қызығушылығы талай жобаның бастауына әсер етті. Әсіресе ақпараттық технологиялар саласында тың идея ұсынып, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бастаманың саны көп. Сондай талапты жастың бірі – Қорқыт ата университеті Жасанды интеллект институтының 3-курс студенті, графикалық дизайнер әрі жас IT-жоба авторы Шұғыла Нұрғалиева. Жас болса да, көш басында жүрген Шұғыланың тәжірибесі көпке үлгі болары сөзсіз. Сондықтан кейіпкермен әңгімелесуді жөн көрдік.

– Шұғыла, ақпараттық технологияларға қызығушылығыңыз қашан басталды?

– Қызығушылық мектеп қабырғасында, 9-сынып оқып жүрген кезде басталды. Сол кезден бастап түрлі жоба жасап, өзімді дамытуға күш салдым. Әртүрлі жарысқа қатысып, тәжірибе жинадым. Ең алғаш хакатонға да дәл 9-сыныпта қатысқан едім. Досы екеуіміз мектепке арналған QR-код жобасын әзірлеп, жүлделі екінші орын алдық. Сол жетістік маған үлкен мотивация берді. Жалпы IT жарыстарына қатысуға деген қызығушылығымды оятқан жандардың бірі – ұстазым Айбек Оразбахов. Ол кісінің бағыт-бағдары мен қолдауы маған үлкен серпін берді.

– Жаңа IT жобаны әзірлеу барысында, ең алдымен, қандай мәселеге назар аударасыз?

– Менің ойымша, кез келген жоба нақты мәселенің шешімі ретінде дүниеге келеді. Сондықтан, ең алдымен, қоғамда қандай проблема бар екенін анықтаймыз. Содан кейін мәселені біздің жоба қалай шеше алатынын талқылаймыз. Идеямызды саралап, оқытушыларымыз бен тәжірибелі мамандардан кеңес сұраймыз. Сонымен қатар әлеуетті қолданушылар арасында сауалнама жүргіземіз. «Біз ойлап тапқан жоба қоғамға не әкеледі?», «Ол қандай мәселенің шешімі болады?» деген секілді салмақты сұрақтарға жауап іздеп, кері байланыс арқылы жобаның кемшін тұстарын дамытамыз. Өйткені кез келген өнім, ең алдымен, адамның игілігіне жұмыс істеуі керек.

IT және экология: қоғам игілігіне арналған жоба

– Қазір қолға алған жобаңыз туралы айтып берсеңіз.

– Бүгінде біз «EcoQogam» атты экологиялық жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл – жастарды экологиялық белсенділікке тартуға арналған геймификацияланған мобильді қосымша. Жобаның негізгі мақсаты – табиғатты қорғауды жастар үшін қызықты әрі қолжетімді ету.

Қолданушы экологиялық тапсырмаларды орындап, ұпай жинайды. Белсенділігіне қарай түрлі бейдж бен сыйлықтарға ие болады. Сонымен қатар қосымшадағы «EcoКарта» арқылы қоқысты сұрыптау пункттері мен экологиялық аймақтарды оңай таба алады. Яғни, экологиялық мәдениетті қалыптастыру ойын элементтері арқылы жүзеге асады. Бүгінде қосымша Play Market платформасында жабық тестілеуден өтіп жатыр. Барлық тексеру кезеңі аяқталған соң Play Market пен App Store платформаларына жариялауды жоспарлап отырмыз.

– Бұл жобаны жүзеге асыруға не әсер етті?

– 2026 жыл біз үшін жемісті жыл болды. «EcoQogam» жобасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған «Тәуелсіздік ұрпақтары – 2025» байқауында жеңімпаз атанып, 3 миллион теңге көлемінде грант ұтып алды. Бұл грант жобамызды әрі қарай дамытуға үлкен мүмкіндік берді. Қазір сол қаржының көмегімен мобильді қосымшаны жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Осындай қолдау жастардың тың идеяларын жүзеге асыруына зор серпін береді деп ойлаймын.

– Қалай ойлайсыз, экологиялық жобаға қызығушылық танытатындар көп пе?

– Иә, қазір табиғатты қорғауға бейжай қарамайтын жастар жетерлік. Экология мәселесіне үлес қосқысы келетін еріктілердің саны да артып келеді. Бұл – қуантарлық жағдай. Жастардың қоғамға пайдалы істерге белсенді араласуы – елдің болашағы үшін маңызды. Біз де жобамыз арқылы олардың белсенділігін арттырып, жақсы бастамаларды қолдағымыз келеді.

– Ендігі жоспарыңызбен бөліссеңіз. Алдағы уақытта сізден не күтеміз?

– Жоспар көп. «EcoQogam» жобасын толық іске қосқан соң, қолданушы санын көбейтуді мақсат етіп отырмыз. Сонымен қатар болашақта жаңа IT жобаларды жүзеге асыру ойымда бар. Технологияның мүмкіндігін қоғам игілігіне бағыттайтын тың идеяларды жүзеге асырып, өзімді осы салада жан-жақты дамытсам деймін. Үйрену үшін ешқашан тоқтамау керек. Сондықтан білімімді жетілдіріп, тәжірибемді арттыра беремін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Фариза ТУРЕХАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!