12 жасыңызда ұялы телефонға арналған операциялық жүйе жасай алдыңыз ба? Осы сұраққа нақты жауап беретін жас талант – Нұрислам Айбекұлы.

Өткен демалыста Қызылорданы инноваторлардың алаңына айналдырған «Inno.Fest Qyzylorda − 2025» байқауында бақ сынаған Нұрисламның жасы 12-де. Ол Сырдария ауданының Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейінде 7-сынып оқиды. 1600 жас қатысқан жарыста асығы алшысынан түсіп, топ жарды. «Software Dev» бағыты бойынша 1-орын алып, 1 миллион теңге сыйақыға ие болды. Жас болса да, ойынмен қатар дамуды қолға алған кейіпкерімізді құттықтаймыз!

Бұл қандай жоба және байқау қалай өтті? Дәл осы сауалдарға жауап алу үшін Нұрисламның өзімен байланысқа шықтық. Телефон тұтқасын көтеріп сәлемдескенінің өзінен-ақ қуанышы сезілді.

Әуелі танысып, сабағы жайлы сұрадық. Технологияға жақындығы да жай емес екен.

«Құттықтауыңызға рақмет! Жағдайым жақсы», − деп сөз бастаған ол, қандай пәнді жақсы көресің деген сұрағыма: «Маған информатика, ағылшын мен физика пәндері ұнайды. Сабақты асыға күтемін. Себебі әр тақырыпты өткен сайын түрлі мәлімет аламын, қызығушылығым одан әрі артады. Ал информатикаға қызығушылығым 7 жаста басталды», − деп жауап берді.

Жас талант өз жобасы «Extrnos» туралы әңгімелеп берді. Жоба идеясы ағылшын бағдарламашысы Терри Дэвис жасаған 64 биттен тұратын операциялық жүйеден басталған. Нұрислам оны зерттеп, өзіне ұнаған тұстарын алып, Қазақстанда өзіне тән, халыққа пайдалы операциялық жүйе жасауды ойлап тапқан.

Бұл − ұялы телефондарға арналған қауіпсіз операциялық жүйе. Жобаның басты мақсаты − хакерлік шабуылдардан қорғау, қандай операция жасалса да қатпау және Android пен iOS жүйелеріне қарағанда қауіпсіз болу. Жоба жасау барысында ең қиыны – «Bootloader» құру болған.

«Марапаттау кезінде аты-жөнімді естігенде, шыны керек сенбедім. Бір жағынан әділ қазылардың жобамды жоғары бағалағанына қатты қуандым», − деді ол.

Оның болашақ жоспары да зор. «Мен бұл жобаны әрі қарай жетілдіріп, IT саласында өзімді дамытуға ниеттімін. Болашақта Apple сияқты әлемге танымал компания құруды армандаймын», – дейді жас дарын.

Інжу МАРЖАН

Сыр бойынан шыққан болашақ Стив Джобс

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!