Жуырда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «AsiaCredit Bankті» операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызмет жүргізуге арналған лицензиясынан айыруға шешім қабылдады. Бұл еліміздегі банкротқа ұшыраған бірінші банк емес. Сол себепті салымшылар назарына қаржыңызды сақтап жүрген банк құрдымға кетсе, нені ескеру керегі жөнінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қызылорда қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Ләззат Теміровамен сұхбаттасқан едік.

– Ләззат Болатқызы, Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметінше, 12 ақпаннан бастап «AsiaCredit Bankтің» шоттары бойынша барлық операциялар тоқтады. Салымшылардың қаражаты толық қайтарыла ма?

– Лицензиядан айыру күнгі жағдай бойынша «AsiaCredit” Bank» активінің мөлшері – 45,4 млрд теңге, несие портфелі – 45,0 млрд теңге. Оның ішінде 31,6 млрд теңге 90 күннен астам мерзімі өткен жұмыс істемейтін кредиттер. Жеке тұлғаға тиесілі 23174 депозит бар. Олардың жалпы жиынтығы шамамен 19 млрд теңге. Банк салымшыларын алаңдамауға шақырамын. Барлық салымшының теңгемен және шетел валютасындағы депозитіне, сондай-ақ төлем карточкасы мен банктік шотындағы ақшасына «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ кепілдік береді. Яғни кепілдік беру толық көлемде өтеледі дегенді білдіреді.

– Халыққа түсінікті болу үшін «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының» кепілдігі қаншалықты сенімді?

– Депозиттерге кепілдік беру жүйесі банк салымын ғана қорғамайды. ҚДКҚ жеке тұлғалардың, оның ішінде жеке кәсіпкерлердің төлем карточкасын қоса алғанда, барлық ағымдағы шоттарындағы ақшаға ең жоғары кепілдендірілген сома шегінде кепілдік береді. Депозиттер бойынша есептелген және сол сияқты капиталдандырылған пайыздарға да кепілдік беріледі.

– Кепілдіктің ең жоғары сомасы қандай?

– Ең жоғары кепілдік берілетін сома валютаға және депозит түріне байланысты болады. Мысалы, теңгемен жинақталған депозиттерге – 15 000 000 теңгеге дейін, жинақ депозитінен басқа, өзге депозиттер бойынша – 10 000 000 теңгеге дейін. Ал шетел валютасындағы депозиттерге – 5 000 000 теңгеге дейін. Кепілдік әрбір жеке адамға емес, оның ақшасы сақталатын әрбір банкке қолданылатынын ескеру маңызды. Яғни сізде бір банкте бірнеше депозит ашылған болса, ағымдағы шотта ақша қалса немесе шетел валютасында салым болса, банк таратылған кезде барлық салым жинақталады және жалпы кепілдік берілген өтем сомасы депозиттің әрбір түрі бойынша шегі ескеріліп,  15 миллион теңгеден аспай төленеді.

– Мысалы, депозитте 20 млн көлемінде қаражат жинақталса, банк құрдымға кетсе, оның 15 миллионы ғана қайтарыла ма?

– Дәл солай. Сол себепті 15 миллионнан жоғары қаржыңыз болса, қалған ақшаны екінші депозит ашып, жинақтаған дұрыс. Сол кезде ғана қаржыңыз толық кепілдендіріледі. Өткен жылы 1 қаңтардан бастап депозит бойынша өтеу кепілдігіне қатысты заңға түзетулер енгізілген еді. Соған сәйкес, салымшы депозит балансына қосылған капиталдандырылған сыйақыны және егер бұл банк шартында көзделсе ғана алатын еді. Есептелген, бірақ капиталдандырылмаған пайыздарға кепілдік берілмейтін. Заңға түзетулер енгізілгеннен кейін сыйақының барлық түрлері, оның ішінде капиталдандырылған және есептелген сыйақыға кепілдік беріледі және Қор оларды ең жоғары сомалар шегінде өтейді.

– Жоғарыда атап өткеніңіздей, шетел валютасында ақша жинақтасақ, банк банкротқа ұшыраса, тиісті ақшаны алам дегенше бірнеше ай уақыт өтетіні белгілі. Сол уақыт аралығында доллар бағасы өссіп кетсе, өтемақы қай кездегі валюта бағамымен қайтарылады?

– Салымшының шетел валютасындағы депозиттері бойынша банкті лицензиядан айырған күнгі валюталардың нарықтық айырбастау бағамы бойынша өтемақы төлейді. Кепіл берілген өтем сомасынан асатын депозиттер бойынша қалдықты банктің тарату комиссиясы өтейді. Ол мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген сәттен бастап, таратылатын банктің кредиторлар тізімінің талабын қанағаттандыру кезегіне сәйкес тағайындалады. Кепілдік берілген өтем сомасының мөлшеріне салымдар мен шоттардағы ақша ғана емес, егер салымшының қарыз қаражаты болса, ол да әсер етеді. Мысалы, салымшының 10 000 000 теңге мөлшерінде жинақ депозиті бар, ағымдағы шоттарда 500 000 теңге мөлшерінде ақша қалды, сондай-ақ онда 2 500 000 теңге мөлшерінде өтелмеген кредиті бар. Мұндай жағдайда, бірінші кезекте, берешегі өтеледі, содан кейін ғана кепілдік берілген өтем сомасы өзара есепке жазу арқылы қалыптастырылады. Сөйтіп өтеу сомасы 8 000 000 теңгеге тең болады.

– Ұяшықта сақталатын алтын құймалар да қайтарыла ма?

– Өкінішке қарай, жеке тұлғалардың металл шотында сақталатын қаражатқа, банк ұяшықтарында орналастырылған ақша мен құндылықтарға, депозиттік сертификаттарға кепілдік берілмейді.

– «AsiaCredit Bank»  салымшылары кепілді өтемді қалай алады? Ол үшін не істеу керек?

– Төлемдер банк лицензиясынан айырылған күнгі есеп бойынша негізгі борыш пен банк есептеген сыйақы сомасы шегінде жүзеге асырылады. Агенттік Төрағасының 2021 жылғы 11 ақпандағы №51 бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған Банктің барлық басқару органдарының өкілеттіктері өтті. Уақытша әкімшілік Банктің тарату комиссиясы тағайындалғанға дейін жұмыс істейтін болады. Уақытша әкімшіліктің құрамына қаржы реттеушісі мен ҚДКҚ өкілдері кірді. Уақытша әкімшілік банк мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету, активтерді анықтау, ұйымның активтері, міндеттемелері мен құжаттарына түгендеу жүргізу үшін тағайындалды. Уақытша әкімшілік өз қызметі кезеңінде активтер мен міндеттемелерді басқа банкке бір уақытта өткізуді жүзеге асыру мүмкіндігін бағалайды. Заңнамалық талапқа байланысты банкті қамтамасыз етуге, банкке түсетін ақшаны есепке алуға шығыс операцияларын, сондай-ақ ҚР заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, клиенттердің банктік шоттары бойынша және банктің өзіне шығыс операцияларға тыйым салынады. Уақытша әкімшілік, бұдан басқа қарыз алушылардың алдында алған кредиттері бойынша ақшаны қайтаруына бақылау жасайды. Қарыз алушы кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені орындау кезінде уақытша әкімшілік жазбаша өтінішке сәйкес қарыз бойынша қамтамасыз ету түріндегі мүлікті кепіл берушіге қайтару мәселелерін қарайды. Тараптардың келісімі бойынша банктің қаржылық жағдайын нашарлатпайтын түзетулер енгізуді қоспағанда, ҚР банктік заңнамасының талабына сай банкпен бұрын жасалған шарттардың талабын өзгертуге тыйым салынады.

– «Шегірткеден қорыққан егін екпес» демекші, банк банкрот болады деп қаржыны үйде сақтайтындар саны артуы мүмкін бе? Қаражатын банкте ұстайтындарға қандай кеңес бересіз?

– Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мүшесі болғандықтан бізге ел азаматтарына жинақтарды сақтау бойынша, банктер жайында кеңес беруге құқығымыз жоқ.  Ақшаны үнемдей білу – маңызды әдет, оны тәрбиелеу қажет. Сол себептен банк салымы, былай айтқанда депозит жинақтарды көбейтудің ең танымал әдісі және ең қауіпсізі болып саналады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!