Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы «несиелік рақымшылықтың» қолданылу мерзімін ұзарту туралы ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Осыған дейін БАҚ-та еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолданыстағы қаулыға ел халқының әлеуметтік осал топтары үшін берешектерді төлеу мерзімі мен тәртібін реттейтін түзету жобасы дайындағанын хабарлаған.

Осылайша, «несиелік рақымшылықты» пайдалана алатын қазақстандықтардың саны жақында көбейетіні туралы айтылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтқан. 

«Қазақстанда азаматтар үшін «кредиттік рақымшылықты» ұзарту жоспарланып отырғаны туралы бірқатар БАҚ-тағы жарияланымдар журналистердің «Ашық деректер» порталында орналастырылған ҚР Үкіметі қаулысының жобасын дұрыс түсіндірмеуіне негізделген және шындыққа сәйкес келмейді», – деп хабарлады министрлік.

Осыған дейін Қазақстандықтардың қарыз ауыртпалығын төмендету үш кезеңде жүзеге асырылды. Бірінші кезеңде 2019 жылдың қыркүйегінде жалпы 105,2 млрд.теңгеге 507,4 мың азамат есептен шығарылды. Екінші кезеңде 2019 жылдың желтоқсанында – 46,9 мың азаматтың жалпы сомасы 9,8 млрд теңге қаржы есептен шығарылған. 

Жарлыққа жататын адамдарды толығымен қамту мақсатында министрлік 2020 жылғы сәуірде 23,4 мың азаматты жалпы сомасы 5,5 миллиард теңгеге үшінші рет есептен шығаруды жүзеге асырды.

«Осыған байланысты, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жылдың І тоқсанында нақты жүргізілген жұмыстарды ескере отырып, есептен шығару мерзімін түзетуді көздейтін «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 15 шілдедегі «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайтуға арналған қаражатты пайдаланудың кейбір мәселелері туралы» қаулысына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасын әзірледі. Бүгінгі күні берешекті есептен шығару бойынша барлық жұмыстар аяқталды және оларды қайта бастау болжанып отырған жоқ.», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!