Қазақстандағы зейнетақы төлемін жаңа және ескі әдістер бойынша есептеп, нәтижесін салыстырып көрейік

Қазақстанда 1 сәуірден бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан ай сайынғы төлемді есептеу әдістемесі өзгереді. Зейнеткерлер үшін бұл қандай жаңашылдық алып келеді? Sputnik Қазақстан осы жөнінде сарапшылардың пікірін білді.

Әдістеме қалай өзгерді

Бүгінгі күні зейнетақы төлемінің жылдық сомасы былай есептеледі: зейнетақы жинағын адам жасына байланысты қазіргі құнының арнайы коэффициентіне көбейтеді.

Қазақстанда әйелдер 60 жаста және ер адамдар 63 жасында зейнетке шығады. Сондықтан ескі әдіс бойынша мысал келтіру үшін БЖЗҚ-да алты миллион теңге ақша жинап үлгерген 60 жастағы әйелге арналған төлемді есептеп көрейік.

Бірінші жыл:

  • зейнетақы жинағының сомасы = 6 000 000 теңге
  • бірінші жылдағы зейнетақы төлемінің жылдық сомасы: 6 000 000 теңге*0,09764%=жылына 585 840 теңге
  • бірінші жылдағы ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің көлемі: 585 840 теңге/12 ай=айына 48 820 теңге.

Келесі жылдық төлемдерді есептеу үшін қалған зейнетақы жинағын жасқа сәйкес келетін коэффициентке көбейту керек. Айта кетсек, 79 жасқа дейін бірге жеткенше коэффициент біртіндеп өсе береді.

Екнші жыл:

  • зейнетақы жинағының қалған сомасы: 6 000 000 теңге – 585 840 теңге = жылына 5 414 160 теңге
  • екінші жылдағы ай сайынғы зейнетақы төлемінің көлемі: 5 414 160 теңге*0,09969/12 ай= айына 44 978 теңге.

Ескі әдістеме бойынша БЖЗҚ-дан берілетін ай сайынғы зейнетақы төлемі күнкөріс минимумының 54%-інен төмен болмауы керек. Яғни оның көлемі кемінде 18 524 теңге (осы жылдағы жағдай бойынша) болуы қажет.

Жаңа әдістеме бойынша бірінші жылы зейнетақы жинағының сомасын 6,5% мөлшерлемесіне көбейту керек. Келесі жылдары төлем көлемі 5%-ке өседі. Жаңа әдістеме енгізілген жағдайда жоғарыда мысал етіп алған әйел үшін төлемдерді былай есептейді:

  • зейнетақы жинағының сомасы = 6 000 000 теңге
  • бірінші жылдағы зейнетақы төлемінің жылдық сомасы: 6 000 000 теңге*6,5% = жылына 390 000 теңге
  • бірінші жылдағы ай сайынғы зейнетақы төлемінің көлемі: 390 000/12 ай = 32 500 теңге
  • екінші жылдағы ай сайынғы зейнетақы төлемінің көлемі: 32 500 + 32 500*5% = 34 125 теңге
  • үшінші жылдағы ай сайынғы зейнетақы төлемінің көлемі: 34 125 + 34 125*5% = 35 831 теңге.

Жаңа әдістеме бойынша БЖЗҚ-дан берілетін ай сайынғы зейнетақы төлемі күнкөріс минимумының 70%-інен төмен болмауы керек. Яғни оның көлемі кемінде 24 011,4 теңге (2021 жылдағы жағдай бойынша) болуы қажет.

Ескі де, жаңа да әдістеме бойынша зейнеткер өз шотындағы қаражат таусылғанға дейін БЖЗҚ-дан өз төлемін ала береді. Ақша таусылған кезде оған тек негізгі зейнетақы төленеді.

Мүгедектерге арналған төлемдер

Жаңа әдістеме зейнеткерлердің белгілі бір санаты үшін жоғары коэффициентті қарастырады. Олар:

  • өмір бойына тағайындалған бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • зиянды және қауіпті өндірісте жұмыс істеген адамдар. Олар кемінде бес жыл бойы міндетті кәсіби жарналар есебінен БЖЗҚ-да қаражат жинауы керек.

Егер зейнеткер осы екі топқа да жататын болса, онда оған ең жоғарғы коэффициент бойынша ақша төленеді.

Енгізу мерзімі

Жаңа әдістеме 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап БЖЗҚ-дан өз төлемін алуды бастайтын болашақ зейнеткерлерге арналған.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2021 жылдың 31 наурызына дейін зейнетақы ала бастаған азаматтар үшін жаңа әдістеме 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданыла бастайды. Осы уақыттан бастап кейінгі жыл сайынғы индексациямен төлемдер 5% мөлшерлеме есебімен беріледі.

Мұның барлығы не үшін қажет

БЖЗҚ бұл жаңа әдістеме зейнетақы алушылардың еңбек жағдайы мен денсаулығының ерекшеліктерін есепке алатынын мәлімдеді. Сонымен қатар жыл сайын зейнеткердің ай сайынғы төлемдері өседі.

«Бұрынғы жүйе бойынша азамат алдымен өз жинағынан үлкен сома алып отырды. Жыл өте келе зейнетақы жинағының сомасы төмендеп, ай сайынғы төлемдердің көлемі азайып қалатын», – деді Sputnik Қазақстан тілшісіне Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының басқарушы директоры Ерлан Бурабаев.

Енді БЖЗҚ әдістемені өзгертті: азаматқа бастапқыда аз сома беріледі (ескі әдістемемен салыстырғанда), бірақ жыл сайын бұл сома 5%-ке өсіп отырады.

«Егер бұған дейін төлемдер уақыт өткен сайын азайса, қазір керісінше ұлғая түседі. Екі әдістеме де жинақ таусылғанға дейін төлем жасалуын қарастырады», – деді Бурабаев.

Оның айтуынша, БЖЗҚ төлемдері шамамен 17-18 жылға есептелген.

«Әдістеме жақсара түсті немесе нашарлады деп айтудан гөрі зейнет жасына жеткен адамның табысы жоғары болуын сөз еткен дұрыс секілді. Жаңа ғана зейнетке шыққан қазақстандық ниеті болса және денсаулығы жараса қосымша жұмыс істей алады. Осы факторды есепке алсақ төлемдердің бөлінісі арта түсті», – деді сарапшы.

Қазақстанда ынтымақты зейнетақыны алатындардың саны біртіндеп азайып келеді. Еске салсақ, ынтымақты зейнетақы мемлекеттік бюджеттен төленеді. Ол 1998 жылға дейін (яғни, Қазақстанда міндетті жарналар енгізілгенге дейін) ресми түрде кемінде алты ай жұмыс істегендерге арналған. Ынтымақты зейнетақының мөлшері еңбек өтілі мен орташа жалақының мөлшеріне байланысты. Қазақстандағы ең төменгі ынтымақты зейнетақы көлемі биыл 43 272 теңгені құрады.

«Жыл сайын ынтымақты зейнетақыдан гөрі жинақтау жүйесіне тәуелді болатын зейнеткерлер саны артатын болады. Ал 2035 жылдан кейін ынтымақты жүйеге қатыспаған азаматтар ғана зейнетке шығады. Яғни олар мемлекеттен кепілдендірілген ең төменгі зейнетақыны және жинақтау жүйесінен төлем алып отырады. Жас ұлғайған сайын азаматтар өз жинағынан төленетін төлемдердің есебінен көбірек сома алуы үшін қайта есептеу қарастырылып отыр», – деді сарапшы.

Бурабаев мүгедектер немесе қауіпті және зиянды өндірісте еңбек еткен азаматтарға қатысты өзгерістерді де түсіндіріп берді.

«Өкінішке қарай, осы санатқа жататын азаматтардың өмір сүру ұзақтығы мен Қазақстан бойынша өмір сүрудің орташа көрсеткіші арасында айырмашылық бар. Сондықтан оларға берілетін төлем жоғары. Жаңа әдістеме бұл азаматтарға көбірек ақша төленуін қарастырады», – деп қорытты сарапшы.

БЖЗҚ жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы Евгений Сейпульник атап өткендей, зейнетақы жүйесіндегі бұл реформа бір реттік емес, мұндай өзгертулер болашақта да қарастырылады.

«Төлемдердің ұлғаюы заң талаптарын сақтайтын салымшылар үшін қарастырылғанын түсіну керек», – деді ол.

Еске салсақ, Қазақстан үкіметі 2028 жылдан бастап кепілдендірілген ең төменгі зейнетақыға көшуді және негізгі зейнетақы төлемдерінен бас тартуды жоспарлап отыр.

 sputnik.kz