Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов депутаттық сауалында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақ есебінен несиені жабуды ұсынған еді. Бұған қатысты қор өкілдері жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

БЖЗҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов қордың басты мақсаты ақшаны үлестіру емес, жинау екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол «Время говорить» бағдарламасында айтты. 

«Бұған дейін жинақтаушы қордан 3,5 триллион теңге алынды. Зейнетақы активтерінің жалпы қоры 14 триллион теңге. Демек тағы осындай көлемде ақша алсақ, адамдар зейнетақы жинағынсыз қалады», – деді ол. 

Оның сөзінше, қазір азаматтар зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін пайдалана алады. Егер тағы қаржы алынса, барлық мәселе мемлекеттің мойнына жүк болып артылады екен. 

Бағдарлама кезінде БЖЗҚ табысы туралы да сөз болды. Қазір қордың табысы инфляциядан әлдеқайда төмен. Сондықтан көпшілігі жинақтау жүйесі туралы идея өз жемісін бермеді деп есептейді. Алайда бұл туралы басқарма төрағасының айтары бөлек. 

«Мұндай сұрақтар дағдарыс кезінде ушыға түседі. Сондықтан тек Қазақстанда ғана емес, өзге де елдерде табыстың төмендегені айтпаса да түсінікті. Мәселен, Ұлыбританиядағы зейнетақы нарығының шығыны 30%-ға жетті, АҚШ нарығында 16%, Швейцария мен Канадада 14%, Жапонияда зейнетақы активтері бойынша шығын 3%», – деп мысал келтірді Құрманов. 

Ол БЖЗҚ-ның дағдарыс кезінде тиімді саясат жүргізіп отырғанын атап өтті. Қазір зейнетақы жинағында мұндай шығын жоқ екен, инвестициялық табыс төмендеген. Спикер қор жұмысының тиімділігін бірнеше ай немесе бір жылдық нәтиже бойынша өлшемеу керегін атап өтті. 

«Тоқсан, жарты жыл, тоғыз ай бойынша бағалау зейнетақы жинағы бойынша мәселені ушықтырады. Әйткенмен кәсіби деңгейде барлығы табыстың төмендеуіне сыртқы фактордың себеп болғанын біледі», – деп толықтырды ол. 

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов премьер-министр Әлихан Смайылов, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовқа және Жоғарғы есеп палатасының төрағасы Наталья Годуноваға сауал жолдап, азаматтардың несиесін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (әрі қарай БЖЗҚ) жинағы есебінен жабуды ұсынған еді. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!