Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Арал ауданына барды. Аймақ басшысы алдымен Сазды, Қарақұм ауылдық округтерінде болып, ауыл ардагерлерімен жүздесті. Кездесуде ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы талқыланып, вакцинация жұмыстары сөз болды.
Ауыл тұрғындары жол мәселесін көтеріп, судың жағдайына жете мән беру қажеттігін атап өтіп, сондай-ақ, спорт кешені мен ауыл клубының қажеттігін қаперге салды. Тұрғындар тілегін тыңдаған облыс әкімі әлеумет үшін маңызды жол мен су мәселесін шешу үшін қажетті шаралар жасалатынын назарға салды. Ал, спорт кешені мен ауыл клубын салу жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылатынын жеткізді.
Сапары барысында облыс әкімі Қарақұм ауылдық округіндегі амбулаторияға барып, екпе жұмыстарының қарқынын көріп, тұрғындарды екпе алуға шақырды.
«Індеттің беті әлі сейілмегенін білесіздер. Мутацияланған вирус айналаны шарпып барады. Қазір жаһандық деңгейдегі мамандар үнді штампы таралғанын айтып, дабыл қақты. Бұл ретте сақтықты күшейтіп, қорғану үшін вакцина алып, өзімізге және айналамыздың қауіпсіздігі үшін қадам жасауымыз қажет»,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Одан кейін облыс әкімі аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» автомобиль жолындағы жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарын тексерді.
2018-2019 жылдары аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқабай-Абай» автожолының 39,3 шақырымы жөндеуден өткізілді. Ағымдағы жылы жолды толық аяқтауға, яғни 44,1 шақырымды жөндеуге облыстық бюджеттен 980,9 млн.теңге қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта мердігер «Арал құрылысы» ЖШС және «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Облыс әкімі жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Әрі қарай аймақ басшысы Қамыстыбас ауылдық округіндегі «Қамбаш» демалыс аймағына барды. Бұл жерде облыс әкіміне демалыс аймағындағы кәсіпкерлікті және туризмді дамыту, ауыл шаруашылығына қажетті су арналарын тазарту, каналдар жүйесін реттеу жұмыстары таныстырылды. Сонымен бірге облыс әкімі кәсіпкерлермен кездесіп, пандемия кезіндегі қиындықтар мен алдағы уақытта даму жоспарларын талқылады. Өз кезегінде кәсіпкерлер бизнесті дамытуға қажетті арнайы орталық салу қажеттігін айтып, ұсыныс білдірді. Облыс әкімі ұсынысты ескере отырып мәселелер жан-жақты қаралатынын жеткізді. Бұл ретте аудан әкімі Серік Сермағамбетовке кәсіпкерлік саласын дамытуды және су каналдарының тазалау жұмыстарын уақытылы жүргізуді жүктеді. Ал, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Тасқараевқа «Қамбаш» демалыс аймағында туризмді дамыту тетіктерін қарап, жұмысты күшейту қажеттігін қаперге салды.
Мұнан кейін Гүлшара Әбдіқалықова Аманөткел ауылдық округінде қуаңшылық жағдайына байланысты шөппен қамтамасыз ету жұмыстарының барысымен танысып, ауыл ардагерлерімен кездесті. Қыс-көктем мезгілдерінде орын алған ауа-райының қолайсыздығы салдарынан Арал ауданында биыл жылқы, ірі қара мүйізді және түйе малдарының өлім-жітімі анықталды. Жағдай бақылауға алынған. Қазір ахуал тұрақталды, мал шығыны жоқ.
Жалпы, бүгінге дейін ауданға барлығы 1767,6 тонна жоңышқа, 50 тонна жем әкелінді. Қосымша 406 тонна жоңышқа мен 60 тонна арпаға тапсырыс берілді. Қазіргі таңда иесіз деп танылып, меншікке алынған су ұңғымаларын құжаттандыру қажет етіледі және бірінші кезекте қызыл аймаққа енгізілген елді мекендердегі су ұңғымаларын іске қосу, каналдарды тазалау, кеңейту мен тоспа салу керек. Жоғарыдағылардың негізінде осы жұмыстарды шұғыл түрде атқару үшін ауданда төтенше жағдай енгізуге тиісті органдардың келісімі алынып, аудандық төтенше жағдайлардың алдын-алу жөніндегі комиссияның отырысы өткізілді. Қазіргі таңда төтенше жағдай жариялау туралы шешім ашық нормативтік құжаттар порталына орналастырылған. Аймақ басшысы мал шығыны болмас үшін алдын алу жұмыстарын жүргізіп, қажетті шөппен қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. Ауыл ардагерлерімен кездесуде мал шығынына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар мен вакцинацияның маңыздылығы талқыланды. Соңында ауыл ақсақалдары ел игілігіне арналған жұмыстардың берекелі аяқталуын тілеп, ақ тілегін арнап, батасын берді.
Сонымен қатар облыс әкімі «Бұрмақұлақ» учаскесіндегі «Аспай» суағытқысының жағдайымен танысты. Аспай суағытқысы «Қамбаш және Ақшатау» көлдер жүйесін суландыру мақсатында 1974 жылы салынған. Бүгінгі таңда «Ақшатау-Қамыстыбас» көлдер жүйесін суландыру үшін «Аспай» суағытқысын қайта іске қосып, Бұрмақұлақ арнасын бөгеу қажет. Осы жылы жауапты мамандардын құрылған жұмысшы топ зерделеу жұмыстарын жүргізді. Қорытындысымен нысанның ақау актісі жасалынды. Жоба жүзеге асқан жағдайда «Ақшатау-Қамыстыбас» көлдер жүйесін толтыру және Аманөткел, Райым, Жетесби, Қамыстыбас, Жаңақұрылыс ауылдық округтеріндегі жайылымдық, шабындық жерлерін суландыруға қол жеткізіледі.
Қуаншылық жағдайларды саралаған аймақ басшысы орынбасары Бақыт Жахановқа әртараптандыру бағытында ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жұмыстарын толыққанды аяқтап, күтіп баптау кезеңін қолға алуды тапсырды. Ал, аудан әкімі Серік Сермағамбетов пен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменовке шабындық жерлерді суаруға керекті жұмыстарды бақылауда ұстап, бекітілген алгоритмге сәйкес жұмыс жүргізу қажет екенін еске салды.
Облыс әкімі Арал ауданына сапар барысында Аққұлақ елді мекенінде ауыз су желісін іске қосу рәсіміне қатысты.
«Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтудеміз. Осы жылдар ішінде халықтың әлеуметтік мәселесін шешу үшін кешенді жұмыстар жүргізілді. Оның ішінде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету, ауылдарға су жеткізу мәселелері шешімін тапты. Бүгін міне, Астана күні қарсаңында ел игілігі үшін жаңа ауыз су желісін іске қосамыз. Қуаныштарыңыз көбейе берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Айта кетейік, аймақ басшысының жұмыс сапары Қазалы ауданында жалғасады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!