Казиноға 507 млн теңге ұттырған мемлекеттік қызметкерлер арасында Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкері болған. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазан айында 300-ден астам мемқызметкер казиноға 500 млн теңгеден астам ақша ұттырғаны айтылған еді. Соларға қандай шара қолданылып жатыр?» деп сұрады БАҚ өкілі брифингіде.

Қаржы мониторингі агенттігі кадрлық жұмыс департаментінің директоры Нұрлан Адалиевтің айтуынша, аталған факті бойынша тиісті мемлекеттік органдар қызметітк тергеу жүргізіп жатыр.

Олардың арасында агенттік өкілдері де бар көрінеді.

«Шынымен де аталған шолуда агенттіктің бірқатар қызметкері аталды. Бүкіл деректер бойынша қызметтік тергеу жүргізілді. Төрт қызметкер ол жерде қызмет бабымен жүрген. Заңда ондай мәселе көзделгенін білесіздер. Біз тиісті тергеу жүргіздік. Екі қызметкердің фактісі расталды. Олар қызметке толыққанды сай келмейтіні туралы ескерту түрінде қатаң әкімшілік жауапқа тартылды», – деді департамент директоры.

Оның айтуынша, агенттіктің осы істе аты аталған өзге қызметкерлері оқиға кезінде ведомствода жұмыс істемейтін.