Коронавирус пандемиясы салдарынан ел тұрғындарының тұрмысы нашарлаған. Елімізде кедей отбасылардың нақты санын анықтап, кедейлікпен күрестің мемлекеттік бағдарламасын немесе жобасын қабыл­дау керек. Бұл туралы Парламент палатала­ры­ның бірлескен отырысында Сенат депу­та­ты Әли Бектаев айтты.

Сенатордың айтуынша, кей тұрғындардың масылдық психологиясы меңдей бастаған.

– Ал масылдық кедейшілікке алып келетін төте жол. Соңғы 5 жылда әлеуметтік шығыстардың 2 есе артуына қарамастан кедейлік шегінен төмен өмір сүріп жатқан халықтың үлесі 2,5 пайыздан 4 пайызға өскен. Ал 2020 жылы СOVID-19 пандемиясы салдарынан жағдай шиеленісе түскен. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, кедей тұрғындардың үлесі 14 пайызға жетуі мүмкін. Бізде де Қытай мен Өзбекстан сияқты шынында кедей отбасылардың нақты санын анықтап, оларды кедейлік шегінен шығарудың нақты шараларын белгілейтін кедейлікпен күрестің мемлекеттік бағдарламасы немесе жобасы қабылдануы керек. Әсіресе, ауыл тұрғындарының табысын көбейте отырып, халықтың орта табын қалыптастырудың маңызы зор деп есептейміз, – деді сенатор Әли Бектаев.

Сенатор бюджетті қалыптастыру көрсеткіштері мен индикаторын да қайта қарайтын кез келді деген пікірде.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!