Жыл басынан бері көпбалалы отбасылар 170,1 миллиард теңге жәрдемақы алды, деп хабарлайды Экспресс К.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы төлемдері туралы есеп берді. Биылғы 7 айдың ішінде мемлекет жалпы сомасы 170,1 миллиард теңгеге 501,5 мың отбасыға көмектескен. Оның ішінде маусым айында 516,7 мың отбасына 31,6 миллиард теңге жәрдемақы төленді.

Бұл мемлекеттік жәрдемақы 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасыларға табысына қарамастан төленеді.

Төлем мөлшері бала санына қарай келесідей есептеліп төленеді:

  • 4 балаға — 50 975 теңге,
  • 5 балаға — 63 727 теңге,
  • 6 балаға — 76 479 теңге,
  • 7 балаға — 89 231 теңге,
  • 8 балаға — 101 760 теңге,
  • 9 балаға — 114 480 теңге,
  • 10 балаға — 127 200 теңге,
  • 11 балаға — 139 920 теңге,
  • 12 балаға — 152 640 теңге,
  • 13 балаға — 165 360 теңге,
  • 14 балаға — 178 080 теңге,
  • 15 балаға — 190 800 теңге,
  • 16 балаға — 203 520 теңге немесе әр балаға 12 720 теңге.

Көпбалалы отбасыларға олардың табысын есепке алмай берілетін мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап төленіп келеді. Ол атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктері аясында табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың 3 негізгі бағыты аясында енгізілген.

Алайда әлеуметтік желі қолданушылары мұндай көмекке мәз емес сияқты. Мәселен Камиша Есмұхамедқызы атты Facebook қолданушысы «бетсіздік» деп санайды.

«Осыдан кейін көп балалы аналар шабалаңдады десе ренжисіңдер, өзі үшін туды деп тағы шұқисыңдар. Ау айналайын министр Тамара ханым 12737 теңгеге әр балаға күл мен топырақты жеу керек пе? Ұят, Жаңа Қазақстан емес, қымбат Қазақстанға айналып бара жатқан елде бір балаға кемі 20 мың теңге қарастыру керек қой. Мен Тамара Дүйсенованың қолына 50950 теңге берейін, 4 балаға 1 айға нені алуға болатынын көрсетсін. Өзінде бала жоқтай, балаларымызға итке сүйек тастағандай мынау қандай қамқорлық? Тамара ханым, сіз балаларымызды ойласаңыз мұндай әділетсіздікке жол берімейтін едіңіз», — дейді ол.

Бұған дейін әлеуметтік салаға жауап беретін министрліктің өкілі масылдық жайлы айтып, «жәрдемақыны көп берсек, адамдар жұмыс істемей үйде отырып алады» деп мәлімдеген еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!