«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шетел валютасындағы ипотекалық қарыздар, көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру, жалпыға бірдей декларациялау және экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2020 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдарды лицензиялау енгізіледі.

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 23 қарашадағы № 108 қаулысымен (14.12.2020 ж. ҚР НҚА эталондық бақылау банкінде ресми жарияланған) микроқаржы қызметін лицензиялау ережесі, микроқаржы қызметін жүзеге асыруға қойылатын біліктілік талаптары және оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесі бекітілді. Агенттік Басқармасы қаулысының толық мәтінімен уәкілетті органның ресми сайтында танысуға болады www.finreg.kz «Агенттіктің НҚА» бөлімінде.

Микроқаржы қызметін лицензиялау ережесі микроқаржы қызметін жүзеге асыруға лицензия беру не дәлелді бас тарту тәртібін, қайта ресімдеу, телнұсқасын беру, лицензияның қолданылуын тоқтата тұру не тоқтату тәртібін көздейді.

Микроқаржы қызметін жүзеге асыруға лицензия алу үшін көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге микроқаржы қызметін лицензиялау Қағидаларына 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша микроқаржы қызметін жүзеге асыруға лицензия беру туралы өтінішті және тиісті құжаттарды ұсынады.

Көрсетілетін қызметті алушы құжаттарды Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес «Микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензия беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес қағаз тасымалдағышта не «электрондық үкімет» www.egov.kz, www.elicense.kz веб-порталы арқылы электрондық түрде ұсынады.

Микроқаржы қызметін жүзеге асыруға лицензияны уәкілетті орган құжаттар берілген күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде береді.

Заң қолданысқа енгізілгенге дейін уәкілетті органда есептік тіркеуден өткен микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдар «Микроқаржы қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес 2021 жылғы 1 наурызға дейін микроқаржы қызметін жүзеге асыруға лицензия алу үшін уәкілетті органға өтініш жасауға құқылы.

Осы талап сақталмаған жағдайда, уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдарды мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру не тарату туралы сотқа талап-арыз береді.

Лицензия алғанға дейін (2021 жылғы 1 наурызға дейін) Заң қолданысқа енгізілгенге дейін есептік тіркеуден өткен микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдар «Микроқаржы қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес микроқаржы қызметін жүзеге асыру құқығын сақтайтынын атап өтеміз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!