Елімізде коллекторларды қылмыстық жауапқа тарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олег Смояков Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаржылық қызмет тұтынушыларының құқығын қорғауды күшейту үшін биыл біздің агенттік заңнамалық түзетулер енгізу бастамасын көтерді. Нәтижесінде реттеушілік сипаттағы шаралар қабылданды. Атап айтар болсақ, биыл мамырда банктік, микроқаржы және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша заң қабылданды. Жаңа заңда банктер мен микроқаржы ұйымдар алдындағы азаматтардың мерзімі өткен берешегін қайтару тәртібі қайта қаралған. Сондай-ақ банктердің барлық ипотекалық қарыздар бойынша сыйақылары, тұрақсыздық айыбы, комиссиялар мен өзге де төлемдер төлеуді талап етуіне тыйым салу енгізілген», – деді Олег Смоляков.

Сонымен қатар агенттік басшысының орынбасары коллекторлар үшін қосымша шектеулер енгізілгенін айтып өтті.

«Президенттің тапсырмасы бойынша коллекторлық ұйымдардың заңсыз әрекеттерінен азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында біздің агенттік коллекторлық агенттік қызметкерлеріне қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қарастыруды ұсынып отыр. Бүгінде Бас прокуратура ұсыныс жасалып, коллекторлар қызметін реттеуді қатаңдату бойынша қосымша шаралар пысықталып жатыр», – дейді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!