Елорда тұрғындарымен кездескен Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов банкроттық рәсімдеу кезінде бейресми мәліметтерге жүгініп, алаяқтарға алданып қалмауға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір желілерде айлакерлер пайда болды. Олар «Маған 10 пайызын берсеңіз, мен сізді банкрот деп танимын» деп уәде береді. Ондай хабарламаларға жүгініп керек емес. Себебі тұрғындар алданып қалады. Біз айтқымыз келеді: банкроттық процестер тегін түрде өткізіледі. Бұл – мемлекет тарапынан жасалған шара. Сондықтан бұған мемлекет пен азамат қана қатыса алады. Үшінші жақтың бұл іске қосылуы тиіс емес», – деп мәлім етті Ержан Біржанов.

Вице-министр сөзінше, егер банкроттықты рәсімдеу кезінде алаяқтық фактілері анықталса, онда бұл туралы ақпарат дереу құқық қорғау органдарына беріледі. Кейін айлакердің әрекетіне тиісті баға беріліп, қажет болған жағдайда қылмыстық іс қозғалады. Сондықтан Ержан Біржанов банкрот деп тану жөніндегі өтініштер мен ақпаратты тек мелекеттік органдардан алу керектігін айтты.

Сонымен қатар, Астана қаласының тұрғындарымен кездесіп, заңды түсіндірген вице-министр азаматтарды банкрот деп тану – қарызды кешіру акциясы емес екендігін баса айтты. Себебі мұның заңмен реттелетін салдары бар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!