Қала әкімі Асылбек Шәменовтің төрағалығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша мәжіліс отырысы өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, салалық басқарма, бөлім басшылары, «Байқоңыр» ӘКК АҚ директоры және сауда орындарының егелері қатысты. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

​Шаһар басшысы азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында бірлескен іс-қимыл жоспары бекітіліп, тұрақтандыру қоры арқылы сауда орындарына келісім-шарт негізінде қажетті әлеуметтік тауарлардың үздіксіз жеткізіліп отырғанын айтты. Дегенмен, кейбір тауар түрлерінен тапшылық сезілуде. Соның ішінде қантпен қамтамасыз ету күрделі болып отыр. Осыған байланысты елімізде қант зауыттарымен келісім жасалынып, шекердің алғашқы легі өңірімізге келе бастады. Енді ол барлық сауда орындарына теңдей үлестіріліп, бекітілген бағамен босатылатын болады.

​Ас атасы нанның бағасы да біркелкі болуы қажет. Өйткені келген бірінші сұрыпты ұн арзан бағада наубайханаларға жеткізіліп отыр. Ендігі мақсат сол нанның сапасы мен салмағына барынша мән берген жөн.

​Әлеуметтік желіде жиі көтерілетін күріш пен картоптың сапасы да мәжілісте кеңінен талқыланды. «Байқоңыр» ӘКК АҚ басшылығы әкелінетін барлық тауардың сапасы жіті қадағаланатынын, егер күмәнді жағдайлар орын алатын болса, өнім қайтарылатындығын айтты.

​Қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы барлық кәсіп иелеріне қымбатшылықты қолдан жасамауды, егер осы тектес деректер орын алатын болса, тиісті шаралар қабылданатындығын жеткізді. Өйткені басты талап халықты қолжетімді бағада сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету. Бұл бағытта мониторинг жұмыстары күнделікті жүргізіліп отырады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!