Қазір қолданыстағы сөздерді қазақшаға аудару мәселесі жиі қозғалады. Тіпті күннен-күнге даулы мәселеге айналуда. Жақында туысымның үйінде бас қосуда інім аспан татақ жейсіздер ме деп күле береді. Ол не деп сұрасам, бананның қазақша аудармасы ғой деп күледі. Аудармасы күлкілі естілгенмен, бұл жылайтын жағдай.

Бүгінде ел естімеген, ақылға қонымсыз аудармалар көбейіп кетті. Мысалы, няня – әлдиші, нянчить – әлдилеу, йогурт – ұйығұрт, розетка – үңгі, вилка – сүңгі, клавиш – теруші, клавиатура – термекіл, носки – ұйық деп аударуға ұсыныс берілген. Бұл сөздер әлі аударылған жоқ. Тек termincom.kz сайтында талқылануда. Ал талқылауға елдің кез келген жанашыр азаматы қатыса алады. Бұл сайттың телеграмм боты да бар. Сайтта 376 343 термин енгізілген. Ең қызығы, қазақша аударылған термин сөздерге көңілі толмайтындарға «Алаң» блогы ашылған. Өзіміз де терминдерді сәтті аударып, қазақы терминнің жасалуына ықпал ете аламыз. Қарап отырмай, термин сол күйінде болу керек демей, терминнің барлығын бастапқы күйінде қалдыра беретін болсақ, бара-бара тек терминмен сөйлеуге айналамыз. Сондықтан әр сөздің сапалы, әрі мағыналы аударылуын қамтамасыз ету үшін өз ойымызды білдіріп, белсенділік танытайық.
Қазір сайтта қызу талқыға түскен күнделікті қолданыстағы клавиш сөзі. Аудармаға Сая Ағанасқызы былайша ой қосқан.
– Клавиш – теруіш дегенге келісемін. Бірақ “пернетақта” сөз қолданысымызда тым жақсы кірігіп, сіңіп кетті. Қолданысқа енген терминдерді қазбалағаннан не ұтамыз? Кезінде ұшақ терминін де бірсыпыра мамандар қаншама сынаған. Десек те, уақыт бұл терминнің өміршеңдігін көрсетті. Бір өкініштісі, әнұран, мұрағат сияқты ұлттық реңкі мен мағынасы айқын
терминдеріміз осындай әрі тарт та бері тарттың салдарынан қайтадан гимн, архив болып өзгеріп шыға келді. Сондықтан мектеп бағдарламасына еніп, құлаққа сіңіп қалған терминдерді қозғамаған дұрыс, – дейді.
Рас, құлақ үйренген аударманы өзгерткеннен ешнәрсе өзгермейді. Оны халықтың қабылдауы да екіталай. Сондықтан барлық термин мен кірме сөздерді қазақ тіліне аударудың қажеті жоқ. Өйткені термин халықаралық атау. Одан қала берді әр ел терминдерді өз қалауынша атап, оған балама атау беру жөнсіз. Ал кейбір тұрақты терминдерді қалдыру маңызды. Әсіресе медицина тіліндегі терминдерді аудару үлкен күшті талап етеді. Бұдан бөлек, мектеп бағдарламасына еніп кеткен сөздерді аударудың да қажеті шамалы. Өйткені жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес, үштілді білім беруде халықаралық атауларды аудару оқушылардың жаттауына қиындық туғызады. Осы уақытқа дейін крокодиль – қолтырауын, бегемот – сусиыр, жираф – керік, холодильник – мұздатқыш болып аударылғанына құлақ үйренді. Ал осы крокодильді орыстар шетелден енген сөз деп аударған жоқ. Белгілі бір заңдылыққа сүйеніп, қалпында қалдырды. Бізге де халықаралық терминдерді сәтсіз аударғаннан гөрі, сол қалпында қалдырған жөн сияқты. Әйтпесе, келер ұрпақ алдында сөз басында менің інім айтқандай, күлкіге қалар түріміз бар.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!